25.04.2024, 11:16
Оқылды: 55

Тасқыннан кейін қандай қарекет жасаймыз?

Күзде жиі-жиі жаңбыр жауды. Қаңтарда да әуелі жаңбыр жауып, сосын іле-шала аяз қысып, айнала «көкбеттенді», жалтыр мұзға айналды. Ақпан айында да осындай жағдай бірді-екілі қайталанды. Содан да шығар, биылғы көктем әдеттегіден өзгеше күйде келді. Наурызда үш күн қатарынан жаңбыр жауып, күн күрт жылынып кетті. Сәуірде айналаны телегей-теңіз су басты. Содан бері тасқын сумен күрес жалғасуда. Жалпы айлапат су тасқыны еліміздің 12 өңірінде орын алды. Мемлекет басшысы мұндай табиғи апаттың ұзақ жылдан бері болмағанын, көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге келетінін айтты. «Жағдай күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы, халықтың амандығы», – деген Президент сөзі көңілге медеу.

фото Замир ғабдрахманов

Иә, тасқын өтер, тірлік жалғасар. Алдағы уақытта ауылдар, автокөлік жолдары, мал-жан су астында қалмас үшін қандай қарекет істегеніміз дұрыс, нендей шаруалар атқарылуы тиіс? Қайткенде де, тосын тасқыннан қорытынды шығаруымыз керек екені сөзсіз. «Үш күндiгiн ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без» демекші, көкейкесті мәселені ортаға салып, тәжірибелі мамандармен пікірлескенді жөн көрдік.

929c9751-c8fe-4a19-b1db-67a62971233b

– 2008 жылы сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қабылдауында болып, Киров – Шежін каналын қалпына келтіру жайын қозғадым. Жекешелендіру кезеңінде бұл су арнасы тоналып, жалаңаштанып қалды. Қамыс-қоға өсіп, табанын топырақ-құм басты. 2018 жылы ұзындығы 170 шақырым су арнасы қайта құрылды. Табиғаттың мінезі «бірде көл, бірде шөл» болады. Енді осы су арнасын пайдаланып, қасына жүздеген көбік салсақ деймін. Көктемде су жиналар еді. Жауын-шашын болмаса, каналдан су құйып алуға да болады емес пе? Каналдың өзінде су болмай қалған күнде көбіктегі судың малға, бау-бақшаға пайдасы тиеді. Әрі Жайықтан алынатын су үнемделеді. Суды Қараөзенге жеткізген соң, Ресейдің Алғай стансасынан бастап Жалпақталға дейінгі Қараөзен арнасын пайдаланып, су қоймасын салайық деген ұсыныс айттым. Жалпақтал гидроторабы салынса, сыйымдылығы 25-30 млн текше метр болатын су қоймасын жасақтауға болады. Нәтижесінде Жалпақтал, Жаңақала өңірлерінде мал азығын бірқалыпты тұрақты түрде дайындауға қол же-тер еді. Құрғақшылық жылдары ешкім мал азығынан қиналмас еді. Өткенде телеарналардың бірінен облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің сол құрылыс жобасына сараптама жасатып, қаржы сұраймыз дегенін естідім. Соған қуанып қалдым. Келесі кезекте Жалпақтал гидроторабынан суды Ақкөл су қоймасына және Әбіш ауылының тұсынан Сарыөзенге жеткізуді де қолға алуды күн тәртібінен түсірмеген жөн, – деді Орал қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Нәсиболла Түменов (суретте).

Дронмен картаға түсірсек...

Бұрын 1993-1994, 2011 жылдары өңірде су тасқыны болғаны есте. Бірақ биылғы тасқын күшті. Атқарушы билік тарапынан тасқынға дайындықта салғырттық, кезекті тасқын өтер-кетер дегендей көзқарас болды десек, жалған емес. Жайық жайылмасындағы саяжайлар суға кетті. Онда тұратындардың дені қырдан келіп арзандау деп жер алып, әупірімдеп баспана тұрғызып алғандар. Қауіп алдымен соларға төнуде. Бүгінде бөгеттерді көтеру, дамбаны нығыздау жұмысы жүргізілуде. Құрылыс салуда су қорғау аймағы сызығы ескерілмейді. Қалалық демалыс саябағы жағындағы жаңа, көп қабатты үйлер – соның айқын көрінісі. Су жағалаған кәсіпкерлік нысандар, көңіл көтеретін демалыс орындары заңды белінен басып салынған құрылыстар екені аян.

– Құрылыс салуда тәртіп болмаса, бәрі бекер. Заңды белден басып, үй салып алғандарға дауа жоқ. Қар суына «тұншыққан» ауылдарға, несиеге салынған үйлерге обал. Шыны керек, бұл күндері қай-қай салада болмасын ғылыммен байланыс үзілген. Құрылыс саларда жер жағдайы ескерілмейді. Тұрғын үйлердің, әлеуметтік мекеме-лердің суға кету деректері құрылыстар саларда жердің рельефін ескермеуден, арықтар жүйелерінің жұмыс істемеуінен дер едік. Сондықтан қаланы шағын аудандарға бөліп, ең төмен су жиналатын жерлерді белгілеп, сол жерлерге су бассейндерін жасақтасақ. Оларды абаттандырып, демалатын орындар жасасақ, тиімді болмақ. Жаз айларында осы бассейндердегі су қорын көше бойындағы ағаштарды, гүлзарларды суаруға неге пайдаланбасқа?!

Менің мамандығым – инженер-механик, техникалық жаңалықтарды қалт жібермеуге тырысамын. Қазір техниканың жетістігі мол. Дрондар жоғарыдан қарап, жердің бедерін картаға сызып береді. Су тасқынының алдын алу үшін аудан-ауылдардың жер бедерін дрон көмегімен картаға түсіру керек. Гидрогеологиялық карта жасап, тасқын су қалай ағады, оны қайда бұрамыз, қар суы қалай жайылады, соның барлығы электронды картада соқырға таяқ ұстатқандай көрсетілсе деймін. Бірінші кезекте суға кеткен ауылдардың жерін түсіріп, үйлерді қай орынға салу керек деген мәселені шешсек. Одан кейін барлық ауыл-ауданды зерттеу керек.

Бұл жұмыстарды кейінге қалдырмай, дәл бүгін, су тасқынының ізі кеппей тұрып қолға алған жақсы. Ортақ шаруаға «Водопроект», «Водстрой» мекемелерінің білікті мамандарын тартқан жөн. Жеріміздің көбі жазық. Сондықтан ауыл, елді мекендерді айналдыра биіктігі 1,5 метр дамба соққан тиімді. Әр ауылдың сыртынан аласа жерді анықтап, бір-біріне жалғасқан екі су жиналатын тоған соғу керек. Біріншісін қоршап, ішіне тал-терек отырғызып, абаттандыруға болады. Екінші тоғанды мал суаруға пайдаланамыз.  Ауылдың ішіне арық жүйесін жүргізіп, оны тоғанға жеткізсек, құба-құп.

Болашақта Жайық өзенінің сол жағына да бір үлкен су қоймасын жасақтауды қолға алу керек. Сонымен бірге Шаған-Деркөл өзендерінің ортасына да бір су қоймасын салу артық етпейді. Мұның барлығы алдағы уақытта осындай мол су келгенде қауіпті азайту және су қорын жасақтау керек болады. Осындай қарапайым жұмыстарды жаз айларында әрбір ауылда атқаратын болсақ, биылғыдай үлкен шығынға ұшырамас едік. Ертең су тасқыны аяқталған соң, тиісті қаржы бөлінеді. Соны пайдаланып, осы мәселелерді шешіп алғанымыз дұрыс, – дейді Нәсиболла ақсақал.

Суландыру жүйесін «жандандырса»...

Нәсиболла ақсақал бұрын Фурманов ауданындағы атқару комитетінің төрағасы болған кезде совхоз орталықтарына арық жүйесін жүргізуге бастамашы болды. Бұрынғы Фурманов ауданындағы «Ақкөл» совхозында, Жалпақтал ауылына және оның барлық бөлім-шесінде осындай су жүйесін жасаған.  Әр үй арықтан ауласына су бұрып, көшесіне тал-терегін егетін. 1975 жылдан бастап Жалпақтал, Казталов, Жаңақала аудандарына ауыз су Дөңгелек су қоймасынан үш сорғы стансалары арқылы жіберілетін. Бәйтерек ауданындағы Щаповта орналасқан Камендік топтық су құбырлары арқылы берілетін. Металл су құбырларын таттанудан қорғау үшін элок­трокатодтық желі тартылған. Құбырлар тозып, катодтық қорғаныс істен шығып, 1996 жылы су беру мүлдем тоқтатылды. Содан кейін әр аудан өз бетімен күн көре бастады.

– Көп елді мекенге «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасымен мембраналық су тазалағыш стансалары салынды. Бірақ оларды пайдалану коэффициенті төмен еді. Мембраналар тез істен шығатын, сүзілген судың сапасы сын көтермейді. Тұрмыстық қажеттілікті толық қамтамасыз ете алмады. Сондықтан Дөңгелек су қоймасынан су беруді қайтадан қолға алып, су құбырларын полиэтиленге ауыстыруды, Дөңгелек, Сарықұдық, Жалпақталдағы су айдайтын сорғы стансаларының құрылысын шұғыл түрде жоспарға енгізуді ұсынады. Себебі әрбір ауылдағы жұмыс істеп тұрған мембраналық шағын су тазалағыштарды ұстап тұрудың шығыны көп. Әрі ондағы су сапасы Дөңгелек су қоймасынан алынатын бұрынғы судың сапасынан анағұрлым төмен. Болашақта ауылдарды сапалы сумен қам-тамасыз ету қажет болса, бұрынғы Камен топтық суландыру жүйесін жандандыруға тура келеді, – дейді Н. Түменов.

Отыз жылда өзгермеді

– Соңғы екі жыл жауын-шашынды болды. Жерде ылғал мол болғандықтан, қыста топырақ 1-1,5 метр шамасында тоң боп қатты. Су айдындарында мұз қозғалмады, сең жүрмеді. Айналадағы қар суы мұздың үстіне ағып келіп, қай жерде кедергі бар, сол тұсты баса берді. Облыстағы су тасқыны маман ретінде мені де бейжай қалдырмады. Су тасқынының көбі бұдан бұрынғы ескерілмеген қателіктердің салдары екені сөз­сіз. Мұндай айлапат тасқын көптен бері болмап еді. 1982-1989 жылдары Жымпиты ауданында архитектор болып еңбек еттім. Ауыл-аудандардың бас жоспарын жасақтауға, құрылыстарды қалай салу керек екендігін жоспарлауға атсалыстық. Ауданның 14 округінің жер жағдайын бес саусақтай жақсы білемін. Одан бері де Чапаев ауданында қызмет еттім. Кейін Чапаев ауданы бөлініп, жарты жері Теректі ауданына берілді. Жымпиты жерінде Бұлдырты өзені бар. Ауылдың қасынан Өлеңті өзені ағады. Одан 11 шақырым жерде Шідерті, 50 шақырым қашықтықта Есенаңқаты, Шолақаңқаты өзендері өтеді. Соңғы екі өзен Шалқар көліне құяды. Олардың барлығының бастауы – жоғарыда, Жосалы, Тасқұдық ауылдары жағында. Осы өзендердің бірде-біреуінде су қоймалары салынбаған. Бұлдыртыда шлюз бар, бұрынғы кезде ондағы суға «Абай» мен «Жетікөл» совхоздары таласатын. Өлеңтіде шлюз бар Қособаның тұсында. Мұндағы суға бола Қособа мен бұрынғы Тайпақ ауданындағы Сайқұдықтың тұрғындары дауласатын. Әлі сол отыз жылда еш өзгермеді, – дейді еңбек ардагері Әлжан Досмақов (суретте).

Әлжан аға

Ә. Досмақов ұзақ жыл бойы Ақжайық ауданындағы «Жайықтехсервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын басқарды. Кезінде ауыз су жинау, өңдеу және орналастыру қызметтерінің қорытындылары бойынша коммуналдық қаржы-экономикалық рейтинг нәтижесінде Қазақстан Республикасының «Кәсіпорынды дамыту динамикасы» және «Кәсіпорынның өсу қарқыны» аталымдары бойынша алтын рейтингке қол жеткізді. Кәсіпорын басшысы ретінде «Экономика мақтанышы» орденімен және «Индустрия көшбасшысы» сертификатымен марапатталды. Оның айтуынша, бұрындары тұрғын үй салғанда оның іргетасы белгілі биіктікте болуы керек деген талап қойылатын. Бұл күндері ондай құрылыс заңдылықтары ескерілмейді. Кеңес заманында су жүретін табиғи жылға-арналарға құрылыс салуға рұқсат берілмейтін. Қазір сол талапты сырып тастап, су жолының барлығына нысандар салынды. Көктемде содан да жер-жаһанды су алады. Өңірдегі кей жолдарды су шайды. Табиғаттың жады мықты, су да өзінің бұрынғы табиғи жолымен ағады. Судың жойқын күші сапалы салынды деген автожолды бұзып-жарып өтетіні белгілі. Тек осыны жобалаушы мекемелердің ескермейтіні өкінішті.

Азынабай – тайпақ сусыз қалды

Ақжайық ауданында су арналары салынған. Киров, Бітік, Дөңгелек, су қоймалары да пайдаланылуда. Бұлардың барлығын салуда мемлекет қайраткері, кезінде өңірімізді басқарған марқұм Мұстақым Біләлұлы Ықсановтың еңбегі зор. Сол қоймаларды, арналарды кезінде жақтауларынан су өтпестей етіп, бетондады. Өліара кезеңде, сонау тоқсаныншы жылдары және одан бергі уақытта сол бетон плиталар қолды болды. Бүгінде жағалаулары «жалаңаштанып» қалды. Әбден су сіңген соң, қоймалардың, каналдардың жақтауларын су жырып жіберуде. Чапаев ауылы тұсындағы Жайық өзеніндегі аспалы өткел Мұстақым Ықсановтың ыждағаттылығымен салынды. Қызыл империяның Жайықтан су алуға болмайды деген шектеуіне қарамастан, суды каналдан аспалы өткел арқылы өткізді. Тұрбамен Ащы өзеніне су жететін. Одан әрі өзендегі екі сорғымен Азынабай – Тайпақ каналына су жіберілетін. Каналдың өзі кішігірім өзен секілді еді.  Оны «жандандырамыз» деп бес жыл бұрын құрылысын бастап, осыдан екі жыл бұрын бітірді. Енді сол арнаға суды қайдан аламыз деп бас қатырудамыз. Бұрынғы әкім Алтай Көлгіновтің кезінде мына құрылыс дұрыс емес, суды қайдан аламыз деп айтатын кісі болмады. Басқа жақтан келген адам жер жағдайын біле ме? Жаны ашып, су береміз дегенімен, шаруа аяқсыз қалды. Енді Чапаевтағы аспа-лы су құбырын (вантовый переход) «жандандырып» қайтадан іске қосу керек. Онда бес сорғы тұрды, қазір біреуі де жоқ. Өткелдің ортасындағы тұрбалары да қолды болды. Азынабай – Тайпаққа су жіберудің басқа мүмкіндігі жоқ. Ақжайық – Еңбек арқылы жіберу ақылға сыймайды. Ана жылы Еңбек ауылының тұсынан суды Қарабасқа, одан әрі Ащыға құйылады деп жіберді. Бұл жол ұзақ, тиімді емес. Бұл күндері екінші жоба жасақталған. Еңбек ауылы тұсынан екі сорғы қойып, Ащыға дейін 65 шақырымға су айдау жобасы қарастырылуда. Ащыны суға толтырған соң, екі сорғымен Азынабай – Тайпақ арнасына жіберілмек. Сонда барлығы төрт сорғы электр қуатын «жейді». Су қымбатқа шығады. Қазір 1,5 млрд теңге игерілген. Маман ретінде айтар болсам, бұл жоба дұрыс жасақталмаған. Арғы бетте Қамыстыкөл деген биік жер бар. Жайықтан сол жерге дейін екі шақырымдай болады. Қамыстыкөлге су қоймасын салып, оған Жайықтан су жіберсек. Әрі қарай полиэтилен құбыры арқылы су жеткізуге болады. Онда Оралдан Атырауға қарай табиғи еңіс бойынша өзі кетер еді. Шаруашылықтар тұрбаны  өздерінің қоныстарына бұрып, пайдаланар еді. Есептегіш құрал, суағар орнатып, «Қазсушар» мекемесімен келісімшарт жасап, су ақысын төлейді. Су үнемделеді. Әрине, полиэтилен құбырды салу қымбатқа шығар, бірақ 10-15 жылда өзін ақтайды, – деді Әлжан Досмақов.

фото Замир ғабдрахманов2

Сөздің тоқетері, бүгінде тек Ақ Жайық өңірінде емес, күллі елімізде су мамандары, гидролог, техниктер тапшы. Қазір бірқатар оқу орнында бұл салаға мамандар даярлағанымен, өңірлерде сұраныс жоқ. Оларды оқыту сапасы бөлек әңгіме. Бұрындары колхоз-совхоздарда су мамандары қызмет ететін. Бүгінде оның бірі жоқ, округтерде мұндай маманға жұмыс жоқ. Сонымен қатар ауылдарда техника жоқ. Әкімдер жеке шаруашылықтарға техника жағынан тәуелді. Ең сорақысы, қолданыстағы су қоймалары мен каналдардың әлеуеті қазіргі қауіп-қатерге жауап бере алмайды. Жайық, өзге де өзен-көлдердің түбін тазарту жұмысы жүргізілмейді. Тасқын судың жайылмаға далиып жайылатыны да содан деседі. Айта берсе, бұл салаға жаңаша көзқарас, жаңарту қажеттігі айқын сезіледі.

Шынболат Ермағанбетов,

«Қазсушар» РМК облыстық филиалының бас гидротехнигі:

b6872621-b017-45cd-92a3-91084f8bbee4

– Жалпақтал су қоймасын салу жоспары бар. Өткен жылы оның жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтау қолға алынды. Бірақ бағаның көтерілуіне байланысты жобаға түзетулер енгізілмек. Жобаны «Оралводпроект» мекемесі мойнына алды.

2012 жылы облыстық әкімдікте Жайықтың жоғары жағынан үлкен су қоймасын салу мәселесі талқыланды. Су қоймасын салатын жердің реті шықпады. Меніңше, оны қаланың үстінен салу қауіпті. Мына Орынбор облы-сындағы Ирекла су қоймасы секілді қауіп тудырады. Мәселені жан-жақты зерттей келгенімізде, салынуы ықтимал су қоймасының сыйымдылығы 600 млн текше метрден аспайтын тайыз болмақ. Оны салу тиімсіз деп шешілді. Ал Азынабай – Тайпақ каналына су апаратын жобаның мердігері жұмысты бастап, одан кейін тастап кетті. Азынабай – Тайпаққа су Ақжайық ауылы тұсынан баруы керек. Қолға алынған жобада төрт сорғымен су жіберу қарастырылған, электр қуаты көп шығын болатыны рас. Бірақ басқа амал жоқ. Бұл су жүйесі іске қосылса, жайылымдар мен шабындықтарды суландыруға мүмкіндік туады.

Гүлбаршын Әжігереева,

фотоға түсірген Замир Габдрахманов

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале