Тамыздың 5-6-сы күндері өңірде төрт адам суға батып, жан тәсілім қылды. Олардың үшеуі - кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншек. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиғалар Бәйтерек, Бөрлі аудандары және Орал қаласының аумағында болған.
– Өзен-көлдердегі адам өліміне үлкен-кішінің қауіпсіздік шараларын сақтамауы себеп болуда. Тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде шомылу, ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы, мас күйінде суға түсу және құтқару кеудешесін кимеу немесе жүзу құралдарын тиісінше пайдаланбау қайғылы жағдайға душар етеді. Жан тәсілім қылғандардың басым көпшілігі шомылуға жабдықталмаған жерлерде суға түскен. Сондықтан тұрғындардың тыйым салынған жерлерде шомылмағандары жөн, – дейді аталмыш департаменттегі азаматтық қорғаныс басқармасының сардары, аға лейтенант Райымбек Шамақов.
Шомылу маусымы басталғалы бері облыста 11 адам суға батып, жарық дүниемен қоштасқан.
Айна Имашева