Бүгін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, практикалық жаттығулар өткізді.
Орталықтың қызмет алушылары мен мамандарына өрт пен су, жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік ережелері айтылды.
– ҚР Төтенше жағдайлар министрінің тікелей тапсырмасымен төтенше жағдайлар кезінде аталған мекеме ұжымы мен мүмкіндігі шектеулі жандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында теориялық және практикалық шара өткізудеміз. Департамент мамандары өрт кезіндегі жедел әрекет пен қорғану әдістерін көрсетіп, қауіпсіздік ережелерін толыққанды түсіндірді. Сонымен қатар жер сілкінісі кезінде ескерілуі қажет дүниелер де айтылды. Мамандар арнайы құралдармен таныстырып, қолданылуын көрсетті. Дәріс пен практикалық жаттығу кезінде азаматтар толғындырған сауалдарын жолдады, - дейді БҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Махмуд Таңатов.
Аталған мекемеде дәл қазіргі уақытта 540 қызмет алушы мен 370-ке тарта қызметкер бар.
– Бүгін біздің мекеме тұрғындары мен мамандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оқу-жаттығу өтті. Дүниежүзінде табиғи апаттар жиі болады. Адамзат үшін төтенше жағдайлардың алдын алу мен сақтанудың ережелерін білу маңызды. Біздің орталық – қаладағы әлеуметтік мекемелер ішінде адамдар көп жиналған мекеме. Мұнда қариялар, жүйке жүйесі ауруларымен ауыратындар және күндіз келіп ем алатын азаматтар тұрғаннан кейін сақтық шараларын жоғары деңгейде сақтау қажет. Мекеменің сақтық шараларына дайындығы да жиі тексеріліп отырады. Төтеншеліктердің ұйымдастыруымен өтетін қауіпсіздік оқу-жаттығуларының берері мол, - дейді Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Арман Дәулетов.
Айта өтсек, мекеменің тарихы сонау 1945 жылдан басталады. Соғыстан кейін мүгедектерге, көмекке мұқтаж азаматтарға қызмет көрсететін орын болған. Одан бері қарай атауы өзгеріп отырды.
Ғимараттар жөндеуден өткен. Төтенше жағдайлар кезінде мекеменің жабдықталуы да маңызды екенін айта кеткен жөн.
Мұндағы жандарға тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбекке баулу, мәдениет, құқықтық және экономикалық бағыттар бойынша қызмет көрсетіледі.
Гүлмира Сарсенғали
Суреттерді түсірген: Диас Закбаев
«Жайық Пресс» ақпарат агенттігі