31.01.2023, 11:15
Оқылды: 323

Жақсы әке қандай болу керек?

«Ыстық-ау кім-кімге де әке деген,

Суыққа шалындырмай мәпелеген.

Өмірдің соқпағымен өрге тартып,

Алдымен адам бол деп жетелеген...» деп басталатын ән мәтінін білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Жалпы, әр адамның өмірінде әке – үнемі бағыт-бағдар беріп, сүрінгенде сүйеу, жығылғанда демеу болып, қашанда жол көрсетіп, жөн сілтеп тұратын асқар таудай айбынды һәм қадірлі жан. Қазақ қоғамында әке – ең аяулы адамның бірі. Оның  орнын ешкім баса алмайтыны да хақ. Көпшілігіміз ананың қадір-қасиетін дәріптейміз де, әке образы екінші орынға жайғасып жатады. Алайда әке міндеті, әке тәрбиесі, әке болмысы – балаға бірден-бір әсер ететін фактор. Қыз бала болса да, ұл бала болса да, әке тәрбиесінің орны бөлек. Жақсы әке болу үшін қандай қағидаларды есте ұстаған жөн?! Осы орайда ойлы оқырманның пікір-көзқарасын көптің назарына ұсынуды жөн көрдік.  

63759325b43e8661929152

Фото дереккөзі: halyq-uni.kz

Ақмарал Сапарова, ардагер ұстаз, Жаңақала ауданы:

IMG-20230131-WA0042

– Халқымызда әкенің отбасындағы орны ерекше болған. Иә, болған (өкінішке орай) кезінде. Бабаларымыз өмір бойы киіз үйде тұрған. Киіз үйдің жарық беретін «терезесі» үйдің биік төбесіндегі түндігі еді.  Табиғатпен етене араласқан бабаларымыз күн сәулесінің бағытына қарай осылай істеген екен. Күнделікті дастарқан басына немесе үйдің қақ ортасындағы төрге, ең алдымен, әкеміз жайғасады. Себебі сол шаңырақтың «КҮНІ» һәм отбасының тірегі әкеміз болған. Сырт келбеті сұсты, айбарлы әкелердің жан дүниесіне үңілсең, соншалықты мейірімді екенін білесің.

Сұсты, суық, салқынқанды болуға себеп біреу ғана: отбасындағы, әулеттегі, ауылдағы, елдегі барлық мәселені әкелер шешіп отырған. Қазақ, әлбетте, күнделікті қазан-ошақтың басына ерлерді, ұл баланы араластырмаған: уақтанып кетеді, қажетсіз сөзге үйір болады деп қорыққан. Иә, мінезі бұзылып кете ме деп сескенгеннен уақ істерге жолатпауға тырысқан. Махамбетше айтсақ: «Кескекті ердің сойымын, Кескілеспей басылман» деп арын таптатпайтын, елі үшін еш тайынбайтын  нағыз  намысты  азаматтарды  тәрбиелеген.

Ғазиза Жұбанова деген атақты композитордың әкесі жөнінде жазғаны бар: «Әкем, досым, ақылшым» деген қазақтың ғажап талантты біртуар ұлы Ахмет Жұбанов туралы. «Қалайша әке қызына дос бола алады?»  деп ойлағанмын. Кейін түсіндім, жақсы әке барлық уақытта ұлының да, қызының да жан дүниесін түсіне алатын қамқоршысы екен. Осындайда көз алдымызға халқымыздың қайсар ұлдары келеді. Оларды санамалап айтсақ, тереңге кетеріміз сөзсіз және мақсатымыз да бұл  емес.

Бүгінгі таңда қынжылатын мәселе – жас жігіттердің бойындағы жауапкершіліктің азаюы, сөз қасиетін түсінбеуі, соның салдары болу керек, уақтанып, мінездерінің де ұсақталып кеткендігі. Бұрындары өзіне-өзі серт берсе, орындауға тырысатын ер-азаматтар, бүгінде жиналған жұртқа берген уәдені де орындамайтыны, оған  еш  ойланбайтыны  қиын  мәселе.

Бір ұсынысым – қазақтың адал ұлдарын, намысты әкелерін көрсететін фильмдерді насихаттап, көбірек экранға шығарған дұрыс болар еді. Себебі қазіргі балалар көру арқылы ой түйіндейді. Жақында Аманкелді Тәжібаевтың  «Ақырғы аманат» фильмін тағы да қайталап, тұшына көрдім. Отызыншы жылдар зобалаңын көрсетсе де, қазақ жігіттерінің табиғи мінезіне тәнті боламыз. Киноның басынан аяғына дейін «Сәби болғым келеді» әні орындалады. Сондағы басты кейіпкер батырдың рөлін сомдаған Тұңғышбай Жаманқұловтың  нөкерлеріне айғай салып айтқаны қатты әсер етті. Қолынан жараланған батыр: «Әй, мына қолды қозғалмастай не байлап таста, не шауып таста!» демесі бар емес пе?! Кино болса да, өте шынайы шыққан. Сондай ерлер қазір де бар ма екен? Мүмкін, болар, тек көп емес шығар. Қазақи тәрбиені дамытсақ, осындай салт-дәстүрді орнына келтірер  жастар  өсіп  келеді.

Құрман Бисеғалиев, зейнеткер,  «Таным»  қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ақжайық  ауданы: 

Құрман аға пікір

- Қай заманда, қай қоғамда болсын отбасындағы бала тәрбиесі – өзекті мәселенің бірі екені даусыз. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің ұйытқысы – атаана. Отбасы – адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келгеннен-ақ тәрбие алатын ыстық ұя. Әкенің рөлі баланың ой санасын қалыптастыруға, өзінен үлгі алуға баулыса жақсы. Кәсібі, тіршілігі мал шаруашылығы болғандықтан, бала 6-7 жасында ат құлағында ойнап өссе жақсы. Бұл тұста әке өзі атқа мініп шапса, бала үйренеді. Ел қорғаны – батыр ұлдың бойында намыс, күшжігер пайда болады. Отбасындағы әке айбыны бала үшін басты құрал болады. Баласын дербестікке, өзгеге тәуелді болмауға, өз бетімен күн көруге баулиды. Сондықтан әке – ұл тәрбиесіндегі маңызды тұлға. Әкенің бар бітім-болмысы һәм мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, білім-білігі – баласы үшін бой түзейтін негізгі нысан. Сондықтан болар, «Жақсы әке балаға 40 жыл азық болады» деген тәмсілдің айтылуы. Әке баласын жұдырықпен емес, сөзімен арбап, ісімен үлгі болып, тәлімін берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сол кезде үй іші жұмаққа айналып, бала бойында көркем мінез қалыптасады. Бойына ұлттық қан жүгіреді. Әкеге қарап, ұлдың өсетіні содан. Әке тәрбиесінің артында ұлт тәрбиесі, мемлекет тағдыры жатыр. Ата-ана олқылықтарға жол берсе, орны толмас өкінішке ұрындырады. Тәрбиеге жүрдім-бардым қарамай, тәлімін  берсе, ұл ұлықты болары хақ.

Серік Қайратұлы, Орал қалалық «Тұлбаев  Мұхаммед-Гариф» мешітінің наиб имамы: 

IMG-20230131-WA0041

– Осынау жаһандану заманында ер-азаматтардың өмірлік ұстанымдары өзгеріп, баланың ата-анаға деген құрметі төмендеп, сыйы кетіп бара жатқандай көрінеді кейде. Ата-анаға қарсы шығып, оларға қарсы сөз қайтаратын өскелең ұрпақ өсуде. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын, бірақ қоғамда мұндай келеңсіздіктер жоқ емес, бар. Мұның негізгі себебі – жанұядағы ретсіздік. Ислам діні ер-азаматтарды әйелдер қауымынан бір саты жоғары қояды. Құранда Алла тағала: «Еркектер әйелдерді билеуші» деген. («Ниса» сүресі, 34-аят). Әрбір шаңырақты ер-азамат басқарып, жұбайына, бала-шағасына өзін сыйлата білсе, ол шаңырақтан салиқалы ұрпақ тарайды. Осы ретте дініміздегі еркектің отбасындағы негізгі міндеттеріне тоқталғанды жөн көрдім. Ер адам  жақсы әке болу үшін үйленбей тұрып, жақсы  жар таңдай білуі, яғни болашақ балаларына ана болатын, бесік көрген, текті жерден қыз алуы өте маңызды. Себебі балаларды тәрбиелейтін – ана, ер-азамат түздің адамы, балалармен көп бірге бола бермейді. Бірақ негізгі жауапкершілік әкенің мойнында. Салиқалы ұрпақты өмірге әкеліп, өсіріп, тәрбиелейтін ізгі әйелді нұрландыратын оның жолдасы. Хадис шәрифте: «Бақытты болудың белгілері мыналар: Салиқалы жар, айтқаныңа бағынатын бала-шаға, салих, адал дос» делінген. Ұрпақтың салиқалы болуы әкенің берген тәлімінен. «Балаға жақсы тәрбие беру баланың әкесіндегі ақыларынан» деген хадисте. Қазіргі уақытта тәрбие материалдық құндылықпен есептеліп, рухани тәрбие кемшін қалып жатады. Ұрпағымызды материалдық жағынан қамтамасыз ету – ата-аналық міндетіміз, ал рухани құндылықпен сусындандыру – парызымыз. Себебі рухани тәрбиесіз жеткен жетістіктің елге де, қоғамға да тигізер пайдасы аз екені ақиқат. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың – қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен әл-Фараби бабамыз.

Хазіреті Омар (р.а.) халифа болып тұрған кезінде бір кісі келіп баласының қылықтарына көңілі толмайтынын айтады. Сөз тыңдамай, қит етсе, өзіне қарсы келетінін айтып, шағымданады. Халифа баланы шақыртып, мұның себебін сұрайды. Бала: «Уа, мұсылмандардың әміршісі, әкенің бала алдында ешқандай міндеті жоқ па?» деп сұрайды. «Әрине, бар» деген халифа Омар ол міндеттерді былай деп тізбектейді:

«Әке, ең алдымен, болашақ ұрпағына ары таза, мінез-құлқы жақсы ана таңдауы керек (яғни сол әйелді жар етуі қажет). Сосын баласына жақсы ат қоюы әрі оған Құран Кәрімді үйретуі тиіс». Мұны естіген бала: «Ендеше, әкем бұлардың ешбірін де орындаған емес. Маған ана ретінде таңдаған әйелі, яғни анам мәжуси (отқа табынушы), қойған есімі «тасбақа» деген мағынаны білдіреді. Ал Құраннан бір әріп те үйреткен емес» дейді. Сонда хазірет Омар баланың әкесіне қарап: «Негізінде сенің үстіңнен балаң шағым жасауы керек екен. Балаңның алдындағы парызыңды орындамасаң, балаң да сенің алдыңдағы парызын орындамасы анық» депті. Омардың айтқан өсиеті барша адамзатқа  бағытталған деп қабылдасақ та болады.

Алтынбек Ермекқалиев,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале