Облыс әкімдігінде аграрлық саладағы өндірісті ғылыммен ұштастыра дамыту мәселесі талқыланды. Дөңгелек үстелде өсімдік және мал шаруашылығындағы түйткілдер жан-жақты айтылды.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауларында осы салаға зор көңіл бөліп келеді. Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы саласында көп жыл еңбек еткен ардагерлердің, ғалымдар мен ұстаздардың, фермерлердің басын қосып отырмыз. Мал немесе өсімдік шаруашылығы ғылыми қолдау болмаса, дамымайды. Жаңа әдіс-тәсілдерді, тың технологияларды пайдаланбасақ, сала өркендемейді. Бүгінгі ауыл шаруашылығы жерлерінің жағдайы, қолданыстағы техникалардың хал-ахуалы нешік деген секілді өткір сауалдар мен мәселелерді осы жерде талқылайық. Жұмысты неден бастаймыз, қандай бағыт ұстанамыз? – деген облыс әкімі Нариман Төреғалиев сөз кезегін жиынға қатысушыларға ұсынды.
Алдымен сөз алған Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ректоры Асқар Наметов:
«Агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін белгілі бір жүйе керек. Жұмысты әр тараптың мүддесін ескере отырып жоспарлаған жөн. Олар бизнес компаниялар мен мемлекет мүддесі және осы екі тарапқа тиімді ғылыми сүйемелдеу», – деді.
Сонымен қатар ол тұқым өндіретін шаруашылықтарды, яғни бизнесті қаржыландыру, оларға нормативтік-құқықтық қолдау көрсету және жеке компаниялардың базасында фермерлерді оқыту қажет екенін атап өтті. Тауарға тапсырыс беру, сатып алу және сату жөнінде жан-жақты ақпаратпен қамтитын электронды платформа жасауды ұсынды.
«Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Табылғали Сапаров: «Бұл саладағы жұмысты бір жүйеге келтіру үшін алдымен жалпыдан жалқыға өтуіміз керек. Ол үшін, ең алдымен, жалпыға ортақ тұжырымдама әзірлегеніміз жөн. Содан кейін ғана тұқым шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, мал тұқымын асылдандыру секілді жеке салаларды дамытуға назар аударамыз. Сала ардагерлері біледі, біз 2019 жылы осы бағытта жұмыс істеп көрдік. Облыс әкімі шешім шығарып, комиссия құрылды. Мамандар екі ай бойы оқыды, бірақ мақсатымыз орындалмады. Неге? Себебі бірізділік, белгілі бір жүйе болмады», – деді. Табылғали Сатқалиұлы жерді пайдалану, топырақ құнарлығын сақтау және арттыру жолдары ғылыми тұрғыда зерделенуі керек екенін атап өтті.
Мысалы, жайылымның түрлері ғылыми негізде анықталып, әр түлік өзіне қолайлы жерде жайылуы керек. Сонда ғана тиімді технология қалыптасып, күткен нәтижеге қол жеткізуге болады. Өсімдік шаруашылығында да ғылыми негіздемелерге сүйенген жөн. Көптен бері айтылып келе жатқандай, үш немесе төрт танапты ауыспалы егістікті қолданысқа енгізу қажеттігін де айтып өтті. Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы Жәңгір хан университетінің ректорына өңірдегі егістік алқаптарды, егілетін дәнді дақылдарды, олардың тиімділігін зерттеп, талдауға тапсырма берді. «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС-ның директоры Аспен Орынбаев тұқым шаруашылығына деген қызығушылықты арттыру, саланы дамыту үшін тұқым өндіретін компанияларға субсидия берілуі керек деді. Себебі қазір демеуқаржы тұқым сатып алатын тауар өндірушілерге ғана беріледі.
«АгроСервис-Батыс» ЖШС директоры Армат Бисенов америкалықтардың аграрлық сектордағы тәжірибесін іске қосуды ұсынды. Яғни сол елдегідей шаруа қожалықтарының жұмысына бақылау жасайтын топ құру қажет. Бұл топ шаруашылықтарды тексермейді, әбігерге салмайды, тек олардың жұмысын ширатуға қолдау көрсетеді. Өңір басшысы уәкілетті басқарма басшыларына осы бағытта тапсырма берді.
«Жәңгір хан» атындағы БҚАТУ ректорының кеңесшісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қазыбай Бозымов жергілікті ғалымдардың еңбегін пайдалану, асыл тұқымды мал өсіруді бірізге салу, ветеринариялық қызметті дамыту қажет екенін айтты. Өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармаларының басшыларына облыстағы барлық асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтың жұмысына талдау жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ нарықта қандай дәнді дақылдар, азық-түліктер сұранысқа ие екенін зерттеу де маңызды болып отыр. Жиын барысында құрамында сала мамандары, ғалымдар мен фермерлер бар жұмыс тобы құрылды. Олар шаруашылықтарға ғалымдар ұсынған технологияларды, тиімді әдіс-тәсілдерді ұсынуы тиіс.
Жиын соңында облыс әкімі түйткілді мәселелер талқыланып қана қоймай, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін ерекше атап өтті. Сондықтан құрылған жұмыс топтары бір айдың ішінде бағдарламаның алгоритмін құрастырып, облыс басшысына атқарылған жұмыстар туралы есеп беруі тиіс. Тәжірибелі диқандар, ғалымдар мен сала ардагерлері күн тәртібіндегі мәселеге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»