20.02.2022, 14:50
Оқылды: 178

Жаңа Қазақстан: Күрделі кезеңнен өткен қоғамның қадамдары қандай болмақ

Тұрақтылық пен келісім кез келген мемлекеттің дамуының кепілі екені анық. Соғыс пен қақтығыс нәубетін басынан өткеріп жатқан елдерде нені көріп отырмыз? Тыныштық болмаған жерде қандай береке бар? Сондықтан елдің тұтастығын көздің қарашығындай сақтауға баршамыз міндеттіміз. Қаңтар қасіреті қоғамда бірқатар қордаланған мәселелердің бар екенін ашық көрсетті.

211124112743688e

Көпшіліктің газ бағасына наразылығынан басталған бейбіт шерудің соңы арандатушылыққа ұласып, бүліншіліктің салдары Тәуелсіздікке қатер төндірді. Тарихымызда болмаған бұл дүрбелең әрі сабақ, әрі серпіліс болды. Өз тағдырын Қазақстанмен байланыстырған барша халық мемлекетіміздің Тәуелсіздігін нығайтып, тұрақтылығын қолдау ұстанымы айналасында күшін біріктіргені абзал.

Еске салсақ, 11 қаңтарда Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Президенті ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық жүйесін түбегейлі қайта құру керектігін баса айтты.

«Біріншіден, құқық қорғау жүйесін реформалауға шұғыл түзетулер енгізу қажет. Біз полицияның сервистік моделін құру және қылмыстық процесті жаңғырту ісінде біршама ілгеріледік. Бірақ, жаппай террористік шабуылдарға қарсы тұруға дайын болуымыз керек. Күштік құрылымдардың қолбасшылары жаңа жауынгерлік дағдыларды шыңдауға, қорғаныс пен шабуылдаудың тиімді құрал-жабдықтармен жабдықтауға шұғыл кірісуі тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Осындай трагедия қайталабас үшін алдағы уақытта барлық қажетті қадамдарды іске асыру міндеті тұр.

Биылдың басында Қазақстан қауіпті сынаққа тап болған ескере келе, тиісті қадамдар жасалды. Бұл тұрғыда жаңа Үкімет құрамы жасақталып, алдағы міндеттерге қатысты Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар жүктеді. Президент халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды ұсынды, халық тарапынан бұл бастамаларға қолдау жасалды. Өйткені жаңадан құрылған ҚР Үкіметінің алдына қойылған әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту жөніндегі міндеттері, сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүргізіліп жатқан саяси реформалардың жаңа пакеті барлық салаларды қамтитын болады.

Бұл нені білдіреді? Қазақстан үшін қиын кезеңдер артта қалды ма? Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам жасады ма? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған қадамдарды талдаған адам, осы негізгі сұрақтарға жауап алатын еді. Өйткені, Мемлекет басшысы жүйелі сипатқа ие, яғни мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканың құрылымын, әлеуметтік саланы кешенді өзгертуге арналған бағытты айқындап отыр.

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталатынын қадап айтты.

«Қиын күндер артта қалды. Осы сәтте ел тағдыры үшін ұйыса білген бүкіл халқыма шынайы ризашылығымды білдіремін. Бәріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Еңді, Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл - шынайы жаңару кезеңі болады. Егемен елімізді бірге өркендетейік. Халқымыз үшін Тәуелсіздік бәрінен қымбат! Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!», - деді Президент.

Жалпы, Президент бастамалары аясындағы маңызды реформалар соңғы бірнеше жылдан бері іске асырылып келеді. Бұл қадамдар оңтайлы нәтижилерін бере бастады. Отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесу барысында да Мемлекет басшысы бизнес-қауымдастықты Жаңа Қазақстанның негізі болуға тиісті жаңа экономикалық саясатты қалыптастыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Осы орайда ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин «Жаңа Қазақстан» ұранының маңызына түсінік берді.

«Жаңа Қазақстан деген нені білдіреді? Бұл кейбір сарапшылар ұсынғандай, мемлекеттік аппаратты жаңарту ғана емес. Бұл, ең алдымен, қоғамдық құндылықтарды қайта жаңғырту. Радикализмнен, экстремистік көзқарастар мен әрекеттерден бас тарту, шығармашылық жасампаздық жігерді нығайту. Қоғамдағы барша кемшіліктерді еңсеру. Бұл кезең-кезеңімен және жүйелі реформаларды жалғастыруды да білдіреді. Мемлекет саясатын гуманитарлық өлшеммен қарап, адами капиталға басымдық беріледі», - дейді Е. Қарин.

Жаңа кезең – жүйелі реформа

Белгілі болғандай, биыл наурыз айындағы Жолдауында Мемлекет басшысы саяси реформалардың жаңа пакетін таныстырады. Ол азаматтық қоғам және сарапшылармен кеңейтілген әрі конструктивті диалог негізінде дайындалады. Мемлекет өзінің базалық функцияларының толыққанды және сапалы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaqstan ұлттық телеарнасына берген сұхбатында алдағы Жолдауға қатысты пікір білдірді.

«Мен бастапқыда жаңа саяси реформаларды күзде жариялаймын деп ойлағам, бірақ саяси реформаларды наурыздың ортасында халыққа Жолдауымда ұсынатын болдым. Қазіргі таңда жұрт реформаларды зор үмітпен күтіп отырғанын білемін. Сондықтан, «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» деп үндеу жолдадым. Онда айтылған мәселелерді көпшілік қолдап отыр», - деді Мемлекет басшысы.

Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлының атап өтуінше, Президенттің саяси реформалары бағытында қалыптасқан ахуалға байланысты тағы да біраз ұсыныстар дайындалады.

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында алғашқы ұсыныстарымызды береміз. Жалпы, қоғамдық бақылауды күшейту үшін арнайы саяси реформаларды ілгерілету жұмысын жалғастырамыз... Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарға жұмылып, Мемлекет басшысының бастамаларын жалғастырып, оның барлығының жүзеге асуына ықпал етуіміз маңызды. Яғни кәсіпкерлер мен ел халқы тиісті үлесін қосқаны абзал. Бастамаларға қарсылық танытатындар шығатыны белгілі, өйткені тосқауыл жасап жүрген кейбірі әлі де қызметте жүр. Осы орайда қоғамның қолдауы керек болып тұр», - деді депутат.

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың пайымынша, халық Жаңа Қазақстанды құрамыз деген жоспардың аясына топтасып отыр.

Әрине, бұл жоспар өздігінен жүзеге аспайтыны түсінікті. Жаңа Қазақстанның қозғаушы күші – біздің азаматтарымыз, олардың Отанға деген адалдығы, еңбекқорлығы мен біліктілігі. Жаңа Қазақстан – жаңа міндет, ортақ мұрат. Оған қол жеткізу үшін әрбір азамат өз саласында сапалы еңбек етуге тиіс.

Сенат басшысының мәлімдеуінше, қазір еліміздің Тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін сақтап, әрі қарай нығайту – ең басты міндет.

«Президентіміз айтқандай, қазақстандықтардың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ. Осы ортақ Отанымызды одан әрі дамыту және жаңарту жолында баршамыздың жұдырықтай жұмылып әрекет етуіміз аса маңызды», - дейді ол.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың атап өтуінше, Үкіметтің іс-әрекеттері халыққа түсінікті, ашық, қадамдары азаматтармен тығыз байланыста болуы шарт.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы 11 қаңтарда Парламентте сөйлеген сөзінде де Үкіметке халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсарту, азаматтардың әл-ауқатын жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берген еді. Алдыңғы Үкіметтің басты проблемасы өздерінің іс - қадамдарының логикасын, бағыт-бағдарын елге, қоғамға түсіндіре алмады, жабық стильде жұмыс істеді. Тарихтан сабақ алатын уақыт жетті.

«Халық, қоғам Президент тапсырмаларының қалай орындалып жатқандығы, қандай жоспар бар, тапсырманы орындауда қандай қиындықтар бар екендігі жөнінде ашық, бүкпесіз хабардар болуы қажет. «Жаңа Қазақстан» философиясы ашық диалогты, шынайы дискуссияны талап етеді! Халықтың мәселесі тыныш кабинет шеңберінде емес, қоғаммен бірлесіп талқыланып, шешілуі тиіс», - деді Е. Саиров.

Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасына қатысты сарапшы ретінде пікір білдірді.

Жаңа Қазақстан - бұл нақты әлеуметтік бағдарланған мемлекет. Бұл олигархиясыз, көлеңкелі экономикасыз және сыбайлас жемқорлық жоқ мемлекет. Егер көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлық болмаса, онда біз әділ және адал мемлекет бола аламыз. Бюджет те жөнімен жұмсалады, ал бұл дегеніміз әлеуметтік дамудың белгісі. Жаңа Қазақстан - әділетті сот және кез келген азаматтың мүддесін қорғайтын құқық жүйесі. Бүгінгі құқықтық жүйедегі қорқыныштан арылу керек. Яғни билік пен халықтың өзара жауапкершілігі болуы керек

Сарапшының пікірінше, жаңа Қазақстан - әр азаматтың проблемасына мән беретін мемлекет. Сол сияқты азаматтар да заң талабы мен құқықты сақтауы тиіс.

«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мақсаты

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында халыққа ұсынылып отырған «Жаңа Қазақстан» саясатының басым бағыттарын атады.

«Жаңа Қазақстанды» құру үшін әділ әрі түсінікті мемлекеттік саясат жүргізілуі керек. Бұл саясат санасыз шенеуніктердің жөнсіздігіне жол бермейді. Бәсекеге және технологияға негізделген экономиканы қалыптастырады. Сонымен бірге жеке меншікке, адамның құқықтары мен бостандығына қол сұғылмауына заң үстемдігі арқылы кепілдік береді», - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент «Жаңа Қазақстанды» құруға әр азаматтың атсалысуын сұрады.

Еске сала кетейік, биыл ақпан айында Мәжілістің жалпы отырысында депутат «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық тобы құрылатыны жарияланды. Парламенттің төменгі палатасындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеріп және Президенттің тапсырмаларын Мәжіліс депутаттары тарапынан қадағалау мақсатында «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топты құру шешімі жасалды.

«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы қоғамдағы ең өзекті мәселелерді дер кезінде Парламент төрінде көтеріп, тұрғындардың мұң-мұқтаждарын уақытында шешіуге қызмет етеді. Үкіметпен бірлесіп халықтың руханиятын күшейтетін, әл-ауқатын жақсартатын заң жобаларын дайындауға, сайлаушыларымызбен одан әрі тығыз қарым-қатынастар орнатуға мүдделі. «Жаңа Қазақстан» депутаттық топтың қоғамдағы барлық белсенді саяси партиялармен, наразы топтармен, үкіметтік емес ұйымдармен және сарапшылармен қоян-қолтық қызмет жасауға ынталы және дайын екенін мәлім етеміз. Қазақта «Бірлесіп көтерген жүк жеңіл» - деген сөз бар! Жаңа Қазақстанның жүгін ұлыс болып бірге көтерейік! Президент бастаған реформаларды саботажға жібермей, аяғына дейін жеткізейік! Баршаңызды, елдің іргесін нығайтуға шақырамыз!», - деді депутат Еділ Жаңбыршин.

Осы орайда Мәжіліс Бюросы «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобын тіркеді.

Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының басты мақсатын атады.

Депутаттық топтың мақсаты - қаңтар трагедиясынан кейінгі еліміздегі шынайы реформаларды қолдау. Біріншіден, Президент бастаған елді жаңғыртатын бастамаларды қолдау.

«Екіншіден, кез келген үлкен саяси реформалар заң шығарушы және өкілетті органнан басталуы керек. Біздің түпкілікті мақсатымыз - Мәжілістің жұмысын жаңа жолға, жаңа арнаға бұру. Оның ішінде Мәжілістің ашықтығы, белсенді әңгіме көтеріп, оны қозғауы да бар. Бұл үлкен мәселенің бірі... Жақында Преидент наурыз айында үлкен саяси реформалардың жарияланатындығын айтты. Соған белсене атсалысамыз. Елдегі реформалардың дұрыс жүргізілуін, оның шын мәнінде қоғамның, халықтың талабынан шығуын назарда ұстап, оның белсенді субъектісіне айналамыз. Үшіншіден, аймақтағы өкілетті органдардың жұмысын жандандыру қажет. Қоғамдық кеңестерге, мәслихаттарға өзгерістер керек. Оларға жақсы үлгі көрсету керек деп ойлаймыз. Осы тұрғыда да еңбек етеміз», - деді Айдос Сарым.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале