Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 60 жылдық мерейтойы аясында түлектер мен қамқоршылар форумы өтті.
Түлектер мен қамқоршылар қауымдастығының кеңейтілген отырысына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов және білім ордасының әр жылдардағы түлектері мен шақырулы қонақтар қатысты. Алдымен сөз алған университет ректоры Асқар Мырзахметұлы еліміздің әр өңірінен келген қонақтарға ризашылығын білдірді.
– Бүгінгі шарамызға жиналғандардың ішінде 40 жыл бұрын бітірген түлектеріміз де бар екен. Олардың барлығы да – бүгінде белгілі бір табысқа жеткен азаматтар. Жәңгір хан университеті қазіргі уақытта кәсіби білікті кадрлар даярлаумен қатар жаңа технологияларды, ғылыми жаңалықтарды жүзеге асырумен де айналысып келеді. Бүгін сапалы мамандар даярлау бағытындағы ісімізді одан әрі жетілдіру үшін түлектер мен қамқоршылардың басын қоса отырып, әріптестік байланысымызды одан әрі нығайтсақ дейміз, – деді Асқар Мырзахметұлы.
Университет басшылығы мен ұжымын мерейтойларымен құттықтаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев жоғары оқу орнының атауы қазақтың алтын бесігі – ауылмен байланысты екенін атап өтіп, БҚАТУ бүгінде Қазақстанның жетекші университеттерінің арасынан лайықты орын алғанын айтты.
– Білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттіктің 2022 жылғы қорытындысы бойынша Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жетекші техникалық университеттердің рейтингісінде 4-орынға ие болды. Ол – үлкен жетістік. Университет өз түлектерімен мақтанады. Бүгінгі залда отырған түлектердің басым бөлігі – өз саласында табысты, үлкен жетістікке жеткен, өмірлік тәжірибесі бар білікті тұлғалар. Ақ Жайық өңірі экономикасының барлық саласында еңбек етіп жүрген мамандар – Жәңгір хан университетінде білім алғанын мақтанышпен айтып жүреміз, – деген Нариман Төреғалиұлы форумға қатысушыларды алда келе жатқан Республика күнімен де құттықтады.
Жәңгір хан университетінің түлегі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Егізбаев та оқытушылар мен білім алушыларды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Бұдан әрі университеттің түлектермен және жұмыс берушілермен бірлескен жұмыстарына басымдық берген Түлектер мен қамқоршылар қауымдастығының төрайымы, Мансап және бизнес-серіктестік орталығының директоры Замзагүл Сұлтанова өзара әріптестік негізінде атқарылған игі істерге назар аударды. Отырыста сөз алған «Орал трансформатор зауытының» басқарушы директоры Дәурен Тұрлыбеков, «Shell Kazakhstan» компаниясының менеджері Ринат Хусаинов, «Белес» компаниялар тобының бас директоры Мұрат Жәкібаев, «Қазақстан халық банкі» АҚ БҚО филиалының директоры Игор Стексов Жәңгір хан университетінің кадрлар даярлаудағы әлеуеті жоғары екенін жеткізіп, күні бүгінге дейін ортақ ынтымақтастықта атқарған іс-шаралармен таныстырды. Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев университет тарихына көз жүгірте отырып, білім ордасының болашағы да жарқын боларына сенім білдірді.
Форум аясында келген қонақтар Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің жоғары білім мен ғылым саласындағы жетістіктерінің көрмесін тамашалады. Сондай-ақ бүгінгі таңда өз кәсіптерінің білгірі атанған түлектер жастармен кездесіп, мансап және бизнестегі тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар форумға қатысушылар университеттің маңызды нысандарын аралап, білім ордасының бүгінгі тынысынан хабардар болды.
Айта кетсек, алпыс жылдық тарихы бар Жәңгір хан атындағы БҚАТУ 17 жоғары және 19 жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары, оның ішінде 14 магистратура және 5 докторантура бағдарламалары бойынша кәсіби мамандар даярлайды. Университетте 344 профессор-оқытушы жемісті қызмет атқарып жүрсе, 4 мыңнан астам студент білім алуда. Жәңгір хан университетінің түлектері Батыс Қазақстан облысынан басқа да өңірлерде түрлі кәсіпорындарда, өндіріс ошақтарында, ауыл шаруашылық құрылымдарында, мекеме-ұйымдарда жемісті еңбек етуде. Олардың арасында жоғары басшылық лауазымдарда, жауапты қызметтерде жүрген табысты түлектер де аз емес.
БҚАТУ медиа орталығы