18.01.2024, 10:45
Оқылды: 39

Жаза да, жауапкершілік те күшейеді

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева өңірге жұмыс сапары барысында Оралдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығында болып оның тыныс-тіршілігімен танысты. Облыс орталығындағы дағдарыс орталығын биыл 100-ге жуық жәбірленуші паналаған. Оның 35-і – ана, 65-і – бала-шаға.

IMG_9832

Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында тұрмыстық зорлықзомбылық мәселесіне қатысты жазаны күшейтуді қолдайтынын айтты. Халық қалаулысы жаңа заң жобасы жайлы ақпарат берді.

– «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасының басты мақсаты – еліміздегі отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-шараларды жетілдіру. Ол 2024 жылдың соңына дейін қабылдануы керек. Ендігі жерде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресудің жаңа тетіктерін әзірлеп, оның себептерін жоюға баса назар аударуымыз қажет. Осы мақсатта отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істейтін мамандармен кездесіп, негізгі мәселелерді талқылаудамыз. Мәселен, қазір заң бойынша шаңырағының шырқын бұзған кісіні баспанасы болған жағдайда ғана отбасынан уақытша оқшаулауға болады. Жаңа заң жобасында бұл оның баспанасы бар-жоғына қарамастан міндетті шарт болмақ. Бұл жағдайда агрессорларға арналған бейімделу орталықта-рын құру қажет болады. Ол жерде психолог, әлеуметтік мамандар әйелдері мен балаларын ұрып-соққан жәбірлеушілермен жұмыс істейді. Сондай-ақ сот құқықбұзушының агрессивті мінез-құлқын өзгертуге бағытталған міндетті психологиялық көмекті қолдануды қарастырады, – деп атап өтті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева.

Дағдарыс орталығы

Кейінгі уақытта дағдарыс орталығын отбасынан қысым көрген ана мен бала ғана емес, әйелімен келісе алмаған ер адам да, арақ ішіп, ұрынатын ересек балаларынан зардап шеккен қариялар да паналайтын болған.

–  Мәселен, өткен жылы біздің орталыққа ер адам келді. Балалары ер жетіп, өз-өздерімен үй болып, бөлек тұрады. Әйелі бар жалақысын алып, үйінен қуып жіберген.  Біраз уақыт апасының, таныстарының үйінде тұрып, бізге келді. Кейін жұмыс істеп, ақша жинап, бөлме жалдап бөлек шықты. Осындай оқиғалар жиі кездеседі. Ересек балаларынан зәбір көрген қариялар да бізді паналаған кездер болды. Негізінен, біздің орталыққа көп жағдайда күйеуінен қысым көрген әйелдер балаларымен келеді.

Ең аз дегенде үш баламен келіп жатады. Кейде оларға орын жетпей қалады. Бірақ біз оларға қалай да орын тауып беруге тырысамыз. Орталықта, ең алдымен, жәбірленуші әйелге психологиялық көмек көрсетіледі. Кейіннен есін жиып, өз-өзіне келгесін заңгерлік, әлеуметтік бағытта кеңес беріледі.

IMG_9849

Олар біздің орталықта алты айға дейін тұра алады. Біраз уақыт өткен соң, әйелдердің көпшілігі отбасына қайта оралады. Мәселен, былтыр бізді паналаған 35 әйелдің 22-сі отбасына қайта қосылды.  Бізге келген әйелдердің аты-жөні құпия сақталып, тек саны ғана беріледі. Соңғы кездері жалпы жәбірлеушіге де  (агрессор) психологиялық көмек берілу керек дегенді жиі айтып жүрміз. Өйткені біз өз зерттеулерімізде кей жағдайда жәбірлеушілердің бала кезінен отбасында зорлық-зомбылық  көріп өскенін біліп жатамыз. Яғни ол адамның жаны жаралы деген сөз. Сондықтан осы мәселе ескерілсе дейміз,  – дейді дағдарыс орталығы басшысының міндетін атқарушы  Мариэтта Даулетиярова.

«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы құқықбұзушылардың заңдық жауапкершілігін ғана емес, агрессиялық мінез-құлқын өзгерту үшін психологиялық тұрғыдан көмек беруді де қарастырмақ. Өткен жылдан бері елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жауапкершілік күшейтілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткендерге жазаны қатайту бойынша бірқатар тиімді шаралар қабылданды, оның

ішінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізілді. Бұрын жәбірленушінің арыз-шағымы бойынша әкімшілік іс қозғалатын болса,  қазір куәгер болған жағдайда, арыз-шағымсыз әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданатын болған. Ең бастысы,  ана мен бала құқығы  – басты  орында.

Отбасылық өмірде қиындыққа тап болған әйелдерге қызмет көрсететін дағдарыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Орталыққа қажет жағдайда тегін қоңырау шалып, психологиялық, заңгерлік бағытта кеңес алуға болады.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Фото: Мәди Салық

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале