Бүгін Бөрлі ауданы, Ақсай қаласында «Қазақстан» станциясының жаңғыртылған теміржол вокзалы салтанатты түрде пайдалануға берілді. Жаңартылған нысанның ашылуы – өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі.

Салтанатты рәсімге Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері, теміржол саласының ардагерлері, аудан тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

1937 жылы салынған «Қазақстан» станциясының вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жаңартылды. Жоба тапсырыс берушісі – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ. Құрылыс жұмыстарын «Альтаир» ЖШС жүргізсе, техникалық қадағалауды «Сарнати» ЖШС, бас жобалауды «MG Design Incorporated» ЖШС жүзеге асырды. Жалпы жоба құны 732 миллион 529 мың теңгені құрады.

Қайта жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың сәуір айында басталып, 2026 жылдың маусым айында толық аяқталды. Нәтижесінде жолаушыларға қызмет көрсету сапасы жақсарып, ғимараттың ішкі және сыртқы келбеті толық жаңартылып, заманауи талаптарға сәйкестендірілді.

Іс-шара барысында құттықтау сөздер айтылып, дәстүр бойынша лента қию рәсімі өтті. Кейін қонақтар жаңартылған вокзал ғимаратын аралап, атқарылған жұмыстармен танысты.

Жаңартылған теміржол вокзалы – аудан тұрғындары мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды нысан. Өңір басшысы ашылу салтанатына келген тұрғындарға жаңа нысан үшін құтты болсын айтып, естелікке бірге суретке түсті.
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы
