Бәйтерек ауданы, Переметныйда өнерсүйер қауымның рухын асқақтатқан ерекше мәдени іс - шара ұйымдастырылды. Халықаралық байқаулардың лауреаты, елімізге танымал «Алаш» этно-фольклорлық ансамблі бәйтеректік көрермендерге «Дабыл» атты жеке шығармашылық концертін тарту етті.

Кеш шымылдығы түрілгеннен бастап, сахнада ұлттық өнердің құдіреті салтанат құрды. Ансамбльдің орындауындағы М.Бердіғұловтың «Ақсауыт», «Алаш», Ш.Қорғанбектің «Батыр Бауыржан», Д.Байзілдаевтың «Ақыртас» күйлері мен Кетбұғаның аңызға айналған «Ақсақ құлан» Д.Нұрпейісованың «Қазақстанға 30 жыл», Д.Танатаровтың «Алтын Орда» Қ.Рахметтің «Тұлғаларға» атты шығармалар туындысы көрерменді тарих қойнауына жетелеп, ерекше әсерге бөледі. Сонымен қатар, халықаралық конкурстардың лауреаты Медет Оразов ансамбльдің сүйемелдеуімен халық әні «Молдабайды» нақышына келтіре шырқаса, Ғ.Құрманғалиевтің «Сәлем, Қазақстан!» және Мұхиттың «Айнамкөз» әнін жоғары кәсіби деңгейде орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

- Берекелі Бәйтерек ауданының өнерсүйер қауымын бүгінгі ғажап кеште көргеніме өте қуаныштымын. Алда мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі келе жатыр. Осы атаулы күнге орай, аудан жұртшылығына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін арнайы келген ансамбль ұжымына алғысымыз шексіз. Қазақтың әсем әні мен тәтті күйін тыңдай отырып, бойымыздағы ұлттық рухымыз оянып, жан дүниеміз байи түскендей болды. Жаңағы «Ақсақ құлан» күйін тыңдағанда көз алдымызға бабалар тарихы елестеді. Оның өзі жайдан жай емес. Мәдениеті дамыған ел — өркениетті ел. Ел боламыз десек, алдымен мәдениетімізді түзеп, өнерді бағалай білуіміз керек. Шығармашылық ұжымның қадамдарына гүл бітіп, өнерлері шыңдала берсін, деді ғасырлар қойнауынан жеткен көне аспаптардың үні жаңғырған әсерлі кеш соңында сөз алған аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ерлан Ғалиев.

Дәстүрлі өнердің туын тіккен шығармашылық ұжымның бағыт-бағдары мен мақсат-мүддесі туралы «Алаш» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Әлібек Қуанышалиев кеңінен әңгімелеп берді. “Ансамбльіміз 2019 жылы — Жастар жылы аясында құрылған болатын,-деді ол.- Ұжымның басты ерекшелігі — құрамында жетіген, шаңқобыз, сазсырнай, қылқобыз, нарқобыз, суағаш сынды халқымыздың көне аспаптарының қолданылуында. Қазіргі таңда ансамбльде 10-11 кәсіби музыкант еңбек етеді. Біз этно-фольклорлық бағытты ұстана отырып, көбіне ұмыт қалған, тарихы тереңде жатқан көне күйлерімізді қайта жаңғыртуды және насихаттауды мақсат тұтамыз. Биыл ұжымымыздың құрылғанына бес жыл толып отыр. Осы мерейлі датаға орай дайындалған «Дабыл» атты концерттік бағдарламамыздың шығармашылық сапарын берекелі Бәйтерек ауданынан бастауды жөн көрдік. Бес жыл ішінде ансамбль халықаралық «Шабыт» фестивалінде жүлделі ІІІ орынды иеленсе, Тараз қаласында өткен «Тараздың көне күмбірі» конкурсының дипломанты атанды. Ал Қырғызстанда ұйымдастырылған «Жети-Огуз» халықаралық байқауында бас жүлдені қанжығамызға байладық. Репертуарымызда қазіргі жас буын авторлардың да туындылары кеңінен жинақталған. Алдағы уақытта Бәйтеркке тағы да келетін боламыз”.

Өнер кешінен рухани азық алып, ерекше әсерге бөленген көрермендердің бірі — Переметный ауылының тұрғыны Алтынай Ищанова.Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылатын осындай рухани шаралардан қалмайтын оның айтуынша, концерттік бағдарлама жоғары деңгейде өткен. Сахнада орындалған әрбір күйдің тарихы тереңде жатқанын ансамбль құрамындағы әртістердің асқан шеберлігінен, орындау барысындағы ерекше тебіренісі мен жан күйінен анық сезінген. Алдағы уақытта да осы іспеттес концерттердің жиі өткенін қалайды.
Салтанат Серікбайқызы,
Бәйтерек ауданы