Бүгін Түркия елі, Стамбул қаласында паратаэквондодан IX әлем чемпионаты өтті.
Осы аталған әлемдік додада батысқазақстандық спортшы, жерлесіміз Мәлік Мұқашев 80 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды.
Алғашқы жартылай финалда түрік азаматымен болған жекпе-жекті жеңісті аяқтаған Мәлік финалға жолдама алып, ондағы қарсыласы Ресей елінің спортшысына дес бермей, әлем чемпионы тұғырына көтерілді.
Айта кетейік, Түркия таэквондо федерациясының ресми мәліметінше, екі күнге созылған чемпионатқа 40-тан астам елден 250-ге жуық спортшы қатысқан. Бұл спорттық шара 2024 жылы Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына жол ашады.
«Бұл жеңісімді елімнің Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаймын. Ел барда біз бармыз. Қазақ елім мәңгі жасасын!, » - дейді Әлем чемпионы толқулы үнмен.
Еліміздің көк байрағын әлемдік деңгейде биік тұғырға көтере отырып, гимнін асқақтата орындатқан әлем чемпионы мен оның жаттықтырушысы Ербол Мергалиевті барша жерлестердің атынан құттықтаймыз!
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы