8.06.2020, 16:15
Оқылды: 257

Дастан Жарасов, жас саяхатшы: «Саяхатшы Дара атанып кеттім...»

Автостоп – бір қаладан екінші қалаға немесе бір мемлекеттен екінші бір мемлекетке көлікпен тегін жету. Бұл қызықты әрі қауіпті саяхат. Жаңа таныстар табуға, жақсы әсерлер алуға таптырмас мүмкіндік. Шетелде автостоппен ел аралайтындардың қарасы мол. Кейінгі кезде бұл үрдіс елімізде де белең алып, біздерде де автостоперлер көбейіп келеді. Солардың бірі, жаңақалалық – Дастан Жарасов. Қазіргі кәсібі – шаштараз. Ел аралағанды, саяхаттағанды жаны сүйетін Дастанның әңгімесін тыңдап, ел аралауға көп нәрсенің қажет емес екенін түсіндік.

Dastan (2)

Мектеп кезінде жоспарладым

Ең алғаш автостоппен ел аралау туралы ой мектеп кезінде келді. Нұрсұлтан есімді досым екеуміз Қазақстанның барлық қаласын тегін аралаймыз деп жоспарладық. Бұл 10-сынып оқып жүрген кезіміз болатын. Әлемді саяхаттау, елімізді аралау біз үшін өте қызық боп көрінді. «Орел и решка» деген бағдарламаны көріп саяхаттауды одан сайын армандайтынбыз. Пойызбен, машинамен аралау үшін кететін ақшаны есептедік. Біз үшін ең тиімдісі осы автостоп болды. Бір айта кетерлігі, автостоппен саяхаттайтын адамдар жалғыз немесе екеулеп жүреді. Егер жалғыз болсаң өзің қорқасың, екеу болсаң көлік иелері қауіптенеді. Көбіне көлігіне мінгізетін адамдар жалғыз кетіп бара жатқандар. Олар мүлдем ақша сұрамайды.

Содан бұл ойымыз 2019 жылдың жазында орындалды. Досым әскерге кетіп, саяхаттауға бір өзім шықтым. Жұмыстан шыққан кезде 25 мың теңге ақшам болды. Соның 11 мың теңгесіне үлкен рюкзак сөмке алдым. Жолға қажетті заттар сатып алдым. Қалтамда 5 мың теңге ғана қалды. Тәуекел етіп сол ақшамен жолға шығып кеттім.

Dastan (3)

Алматыға 7 күн жүріп бардым

Жоспарым еліміздің барлық қаласына бару болатын. Бірақ Шымкентке келгенде телефонымды ұрлап кетті. Сол себепті тек Алматыға ғана барамын деп шештім. Телефондағы картаның көп көмегі бар еді. Соған ішім күйді. Мотивация да төмендеп кетті. Оралдан Ақтөбеге 4 көлікпен жеттім. Ақтөбеден Қазалыға дейін 5 көлікке міндім. Әрі қарай Түркістанға жетіп, одан Шымкентке бардым. Біреулер 10 шақырымға дейін жеткізеді, енді біреулер жүзден астам шақырымға дейін тегін мінгізеді. Жол бойы небір адамдарды көресің. Әңгімелерін тыңдайсың. Бір жағы қызық. «Аға сіз мен отырып жатқан оныншы көліктің жүргізуші боласыз» дегенде кәдімгідей таң қалып жатады. Мініп келе жатқан жүк көлігіндегі жүргізуші Түркістанға дейін жеткіземін деді. Түркістанға түңгі 2-де жететін болғандықтан Қызылордадан түсіп қалдым. Ол жерде қонатын жерім болмады. Көшеде ерлі-зайыпты адамдар көріп қалып, жөн сұрасып, үйлеріне қондырды. Шайларын беріп, құрмет көрсетті. Қай жерде болмасын бауырмал жандардың болғаны жаныңа демеу болады екен. Алматыға 7 күнде жеттім. Жалпы саны 16 көлікке отырыппын. Жол бойы тоқтаған қалаларды аралап, тарихи нысандарымен таныстым. Ең ұнаған қала Шымкент. Келгеннен кейін тағы да барамын деген шешімге келдім. Жақын шетелге барамын. Карантин режимі аяқталса Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Хиуа қалаларын автостоппен аралағым келеді.

Dastan (4)

Саяхаттаймын деген адамға ақша кедергі емес

Келгеннен кейін таныстарымның көбі қызықты. Таңданыстарын жасырмады. «Қалай барып келдің?», «Қиын емес пе?» деген сынды сұрақтарын жаудырды. Бірге баруға ұсыныс білдіргендер де болды. Алматыға дейінгі барған сапарымда түсінгенім ел аралау үшін ақша кедергі емес екен. Бастысы ниет пен ынта. Жалғыздықтан қорықпасаң, рухың мықты болса діттеген жеріңе баруға болады. Автостоппен саяхат жасайтын адам оптимист болуы керек. Жаман ойлардан аулақ болғаны жөн. Жол бойында сағаттап тұрған кездерім болды. Сондай кезде «неге тып-тыныш үйде жүрмедім» деген ойлар келеді. Бұл ойдың түбіне түссеңіз, жарты жолдан кері қайтасың. Сол себепті жақсы ойда болу керек. Алматыға дейін 16 көлікпен жетсем, мыңнан астам көлік тоқтамай кетті. Өзімді сынаймын, жігерімді жанимын деген адам автостоппен саяхаттау керек. Жолда небір қызықты оқиғалар орын алады. Кезекті жүк көлігіне мініп, жүргізушімен әңгімелескенде ол кісі шетелдіктерді көретінін, автостоппен жүрген қазақты алғаш көріп тұрғанын айтты. Соған қарағанда бізде әлі де таңсық. Өзім Жаңақаладан шыққан алғашқы автостопермін. Соны білетін достарым «Саяхатшы Дара» деп атап кетті.

Ыңғайлы ортадан шығып, өзіңді сынайсың

Сапарға шығар алдында You Tube-тан видеолар қарап, нелер керек, қандай нәрселерді бірге алып шығу қажет деген сынды сұрақтарға жауап іздедік. Бірінші рет шыққасын қателіктер көп болды. Тәжірибе жинадым. Келесіде ескеретін жайттарды түртіп қойдым. Басында үйдегілер де бұл қадамыма қарсы болды. Айтқанымнан қайтпайтынымды көргесін келісімдерін берді. «Атың барда жер таны желіп жүріп» дейді ғой ата-бабамыз. Сол дұрыс айтылған даналық сөз. Ел көріп, жер көріп, адамдармен танысқан, таныс емес жерлерді аралаған адамға ерекше шабыт сыйлайды. Танымайтын адамдардың қамқорлық танытқаны да жүрегіңді елжіретеді. Келесіде шыққанда бір кісілік палатка алып шығу керек екен. Жаздың күні далада қонуға тура келетін сәттер болады. Сонда жататын жерің болғаны жақсы. Құдай оңдап алғашқы саяхатымда далада қалып көрген жоқпын. Автостоптан бөлек алдағы уақытта ауылдан Оралға дейін велосипедпен баруды жоспарыма қосып қойдым. 250 шақырым жерге велосипедпен барсам, әрі қарай үлкен қалаларға да бара аламын деп ойлаймын. Автостоппен жүрген кезімде бір апай: «Өмірдің мәнін жоғалтқан адамдар осындаймен айналысады» деген еді. Әр адамның түсінігі әртүрлі ғой. Мен онымен келіспеймін. Керісінше өмірден мән іздейтін жандар шығатын секілді. Бұндай сапарда адам үйреніскен ыңғайлы ортадан шығады. Өзін сынайды, ішкі жігерінің күшін байқайды. Баратын жерлерімнің бәріне бармағасын өзіме көңілім толған жоқ, бірақ бұл алдағы уақытта бұл әрекетті қайталауға кедергі келтірмейді. Қайта шыңдай түседі.

P.S: Қазіргі жастардың ойлау деңгейі, өмірді түсінуі, өмір сүру салты, арманы басқа һәм ерекше. Арманы айқын, мақсаты анық жастардың саны мол болғай. Үлкен армандар кішкентай қадамдардан басталады. Соны ұмытпайық.

Жанайдар Болатбекұлы

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале