Домбыраны сүюге, құрметтеуге арнайы мереке керек емес. Домбыра - қазақтың өмірінің үні. Ж. Досмұхамедов атындағы мектеп-балабақша-бөбекжа кешенінің оқушысы Альмира Ғабділманап осылай ойлайды.

Альмира 2011 жылы Өлеңті ауылында дүниеге келген. Өнерге іңкәрлік бала күнінен, балғын кезінен басталды. Гитара дыңғырласа да, гүл тербелсе де елең ететін. Әсіресе, домбыра үні жүрегіне жақын екенін сезді.
Сөйтіп, Альмира А. Ғұбайдуллин атындағы балалар саз мектебіне барды. Алғашқы ұстазы, күйші Ақырыс Жеңісқызы оған нота үйретті, домбыраның қасиетіне көзін ашты.
Өнердің жолы - адалдық. Альмира да жеті жасынан бастап жеті жыл бойы үйірмеге тұрақты қатысып, талмастан домбыра туралы танымымды дамыттым. Кейін Сырым ауданындағы “Сырым сазы” фольклорлық ансамбліне жетекшілік етуге келген Жеңіс деген ағасынан музыкалық ұжымда жұмыс жасауды, аспаптар үндестігін үйренді. Домбыраның табиғатын тануда Айгүл Сапаралиеваның дәрісі көңіліне қонды. Альмира әр ұстаздың өз тәлімі бар деп есептейді. А. Ғұбайдуллин атындағы дәстүрлі ән сыныбының жетекшісі, әнші - термеші Дархан Қажғалиевті, Назерке Жанболатқызын Альмира өзіне ұстаз санайды. Әсіресе, Дархан Бауыржанұлының бай репертуары шәкірттеріне мол шығармашылық кеңістік ұсынды.
- Бүгінгі күні саз мектебін аяқтадым. Бірақ, домбырамның құлақ күйі тұрған күні болған емес. Жанымның емшісі, көңілімнің биігі - домбыра. Мен өзімді домбырамен егізбін деп санаймын. Қасиетті аспап талай байқауда қанат бітірді. Аудандық “Балдаурен” байқауында үш жыл қатарынан жүлдегер атандым. Халықаралық “Жеті өнер” сайысында ансамбль құрамында да, жеке номермен де бас жүлде алдым. Домбыра - ғасырлардың дауысы. Домбыраны әлемге танытсам деген арманым бар.” - дейді кейіпкеріміз.
Альмира Жарасқызының қоржынында 20 - ға шақты күй, 10 - ға жуық ән бар. Олардың бәрі де қазақтың ұлттық музыкасының көрнекті туындылары.
Шілденің алғашқы жексенбісі - ұлттық домбыра күні. Біз осы мереке қарсаңында арқасына домбырасын арқалап өнердің ұлы сапарына шыққан Альмирадай аруды таныстыруды жөн санадық.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы