12.01.2024, 15:03
Оқылды: 0

Ерлікпен пара-пар еңбек

Коммуналдық шаруашылық мекемесі аудан бойынша су құбырлары желісінің жарақтылығын қарап отырған бірден- бір мекеме. Аудан бойынша су көздерінен ауыл-ауылдарға, аудан орталығына берілетін су желілері, үйлерге таратылатын құбырлар торабының жалпы ұзындығы 347 шақырымнан асады. Бұған 11 су тарту мұнараларын қосыңыз. Су трассасы бойында және әр мұнарада болатын су айдайтын стансалар мен сусорғы жабдықтары да осы мекеме жауапкершілігінде.

2

Негізгі, Ардақ- Жаңакүш- Шыңғырлау су құбыры трассасынан басқа әр ауылдық округтердің өзіндік су тарату тораптары бар екенін ескерсек, мұның барлығын бақылап отыру үлкен жұмыс пен қаражат, уақыт пен адам күшін қажет ететіні айтпаса да анық жайт.

Әрине, су құбырларының жарылуы немесе су айдайтын құрал-жабдықтардың істен шығуы сынды жағдайлар болып жатады. Әсіресе, қысқы уақытта жиі орын алатын мұндай жағдайларда, халыққа су, жылу берілуін тоқтатпау үшін мекеме ұжымы ақ қар,көк мұзға қарамай, уақытпен де есептеспей, күндіз- түні жұмыс жасап, оқыс жағдайды қалпына келтіреді. Бұл үлкен еңбек екені айтпаса да түсінікті.

4

Бүгін аудан басшысы Мұрат Өмірәлиев ұжыммен кездесіп, күннің аязына қарамастан, жанқиярлықпен жұмыс жасап, кешегіде ғана көшеде орын алған су құбырының жарылуын қалпына келтіріп, тез арада тұрғындарға су берілуін қамтамасыз еткен жұмысшыларға шынайы алғысын білдірді.

- Қыс айында мұндай төтенше жағдайларда шұғыл әрекет етіп, жедел қимылдау бірлескен жұмыс пен білікті шеберлікті білдіреді. Осы жұмыстың ыстық- суығына пісіп, адал қызмет етіп келесіздер, еңбектеріңізге алғысым шексіз,- деді аудан басшысы.

Ауданымыздың қадірлі қариясы, «Құрметті құрылысшы» төсбелгісінің иегері Сағынғали Имашев барша ұжымға жұмыста сәттілік тілеп, өз тәжірибесінен де салаға қатысты пікірлері мен ұсыныстарын айтып өтті.

Бұдан соң аудан әкімі мекеме жұмысшыларына қыстық киімдер жиынтығын табыс етті. Қалың күрте шалбарымен және қыстық су мен қарға бірдей жылы етіктермен жасақталған киімдер әр жұмысшыға шақ етіп алыныпты. Жұмысшылардың разылығы жүздеріндегі жылы ықылас пен көздеріндегі мейірлі оттан байқалып тұрды.

1

Мұндай киімдер жиынтығы мекеме құрамындағы орталық және ауыл- ауылдағы барлық мамандарға алыныпты. Олардың жалпы саны- 68 адам.

Қаршыға Елемесов,

Шыңғырлау ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале