3.12.2020, 17:00
Оқылды: 107

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Бөрлі ауданында болды

Бүгін облысымызға жұмыс сапарымен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев бастаған делегация келді. Облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев және делегация құрамы алдымен Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласындағы мемлекеттік мекемелерді аралады. 

7E425E8D-ADEA-41E9-92A9-66D75F35CDD2

«Ашық әкімдік» фронт кеңсесінің қызметімен танысқан төраға мамандардың қызмет көрсету сапасын қадағалады.

-Ақсай қаласындағы «Ашық әкімдік» кеңсесі 2019 жылы қыркүйек айында ашылды. Фронт кеңсе төрт принцип бойынша жұмыс істейді. Яғни ашықтық, қолжетімділік, қолайлылық және тұрғындарға мемлекеттік қызметті сапалы көрсету қағидаттары негізінде жұмыстанамыз. Бұл кеңсе тек Ақсай қаласының тұрғындарына ғана емес, аудан халқына да мемлекеттік қызмет көрсетуде. Сондай-ақ бұл ғимаратта тұрғындарды жұмыспен қамту, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерді өмірге бейімдеу орталықтар да бар. Кеңсеге аудан тұрғындары білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй мәселелеріне қатысты сауалдар бойынша жиі келеді. Жалпы мұнда мемлекеттік қызметтің 30-дан астам түрі көрсетіледі. Жыл басынан бері 2000-нан астам тұрғын жүгінген. Сондай-ақ сервистік кеңседе жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыс таба алмай жүрген жандарға кеңес береді. Бұл жерде кез келген тұрғын өзіне қажетті қызметті еш қиындықсыз ала алады,- деді Ақсай қаласының әкімі Амангелді Тоғызбаев.

0083AE4E-812F-4CCF-81B8-0132843D46AC

Бөрлі ауданы бойынша 279 бос жұмыс орны бар екен. Бұл туралы халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Әсемгүл Жұмағалиева аталмыш орталықтың жұмысымен таныстыру барысында мәлімдеген болатын.

-Мұнда халықты жұмыспен қамту бөлімі, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жартылай стационар, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету және атаулы әлеуметтік көмек мәселелері бойынша тұрғындарды қабылдайтын кабинет бар. 56 әлеуметтік қызметкер еңбек етеді. Ауданда былтыр 442 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, биыл олардың саны 245-ке қысқарды. Куә болғаныңыздай, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны екі есеге дейін қысқарды. Оның бірден-бір себебі - АӘК алушыларды жұмыспен қамту деп айтар едім. Яғни атаулы көмек алу үшін құжат тапсыруға келген тұрғындарды алдымен жұмысқа жолдаймыз. Егер жалқаулыққа салынып, жұмысқа бармаса, атаулы әлеуметтік көмек берілмейді. Сондай-ақ ауданда мүмкіндігі шектеулі  1337 адам болса, оның 150-і бала. Мүмкіндігі шектеулі балалардың кейбіреуі мектепте оқып, білім алуда. Десе де білім алуға да, тәрбиелеуге де денсаулық жағдайы тартпайтын балалар бар. Күн ұзаққа үйде отыратын, арбаға таңылған сондай балаларды әлеуметтендіру үшін, қоғаммен байланыссын деп жартылай стационар орталық ашылған еді. Орталықта мүмкіндігі шектеулі балалардың ойнауына, қол моторикасын дамытуына барлық жағдай жасалған. Оларды ата-аналары аптасына екі мәрте алып келіп, жаттығу жасаттыра алады. Мұнда 2-16 жас аралығындағы бүлдіршіндер келеді,- деді Әсемгүл Нәуербекқызы.

1DC96B5D-B09E-4012-A747-01D724E2B8C8

Өз кезегінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев ғимараттағы барлық кабинеттерген бас сұғып, мамандардың жұмысымен танысты. Бұл жердегі атқарылып жатқан шаруаға көңілі толған төраға өзінің оң бағасын берді.

-Жалпы, халыққа бұл жерде қолайлы жағдай жасалған екен. Сапалы мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіліп жатыр. Бұл, әрине, көңіл қуантады. Осы орайда аудан, қала басшылығына және мекеме қызметкерлеріне алғыс айтамын,- деді ол.

Содан соң делегация мүшелері Ақсай қаласындағы «Қарашығанақ» дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барып, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушыларымен кездесті.

Бөрлі аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Есенаман Стамғазиевтің айтуынша, аталмыш спорт кешені 2017 жылы ашылған. Бүгінде 1192 оқушы спорттың 19 түрімен айналысады екен. Яғни волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі, жүзу, таэквондо, каратэ, бокс үйірмелері бар. 49 жаттықтырушы еңбек етеді. Сондай-ақ ауданда 700-ден астам бала жаттығатын Бөрлі спорт кешені де бар екен.

Жас спортшылар мен жаттықтырушылармен тілдескен Алик Жатқамбайұлы ауданның спорт саласының дамуына оң бағасын беріп, жас спортшыларға «Болашақта көк туымызды желбіретер чемпион болыңыздар» деді.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале