28.02.2023, 9:15
Оқылды: 26

Қызылжар – қайырымды ауыл

1 наурыз – Алғыс айту күні

Отағасы екеуміз төрт перзент тәрбиелеп отырмыз. Өзім биология пәнінің мұғалімімін. Осыдан екі жыл бұрын Орал қаласынан Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылына отбасыммен қоныс аудардым. Тұрғындары мейірімді бұл ауыл біздің жанұямыз үшін құтты қонысқа айналды. Өзім ауылдағы тоғызжылдық мектепке мамандығым бойынша қызметке тұрдым. Әрі қосымша тәлімгерлік қызмет атқарамын. Табиғаты әсем аталмыш ауылдан тым жақсы үй сатып алдық. Бүкіл қажетті құжаттарды тапсырдым, енді қаржылай көтермеақыны күтіп жүрмін. Ұл-қызымның алды бүгіндері даярлық тобына, ал кейінгілері балабақшаға барады. Отбасымыздың отағасы Ерасыл науқандық жұмыстарды атқарып, бала-шағаның ырыздығын тауып жүр.

A92E344A-4199-4E8D-B2AC-C1F9009E2E49

Қызылжардың үлкен-кішісі бірдей қайырымды, қолдарынан келер жақсылықтарын аямайды. Көшіп келген жылы ақшалай-заттай жәрдемдескендеріне қоса, отын-суымызға дейін түсіріп берді. Тіпті «Сорпа-сусыз отырмаңдар» деп, қой-ешкі берген тұрғындар да баршылық. Енді өзіміз де мал ұстамаққа  ниеттеніп  жүрміз.  

Өткен күздегі қайырымдылық айлығында айтулы ақын Ақұштап Бақтыгерееваның жұбайы Ғабдырахым аға бізге ұн, тауық еті, күріш, картоп, вермишель-макарон, шемекі май сықылды көптеген азық-түлікке қоса, балаларға базарлық ретінде мол қылып жеміс-жидек, кәмпит-күлше беріп жіберген екен. Ол кісінің аманатын «Орал өңірі» газеті редакциясының басшы-қосшысы жеткізіп берді. Сол үшін сізге Ғабдырахым аға, бала-шағамыздың атынан ризашылығымды білдіріп, көп рақмет, зор алғыс айтамын! «Берсең, балаға бер», «Қуантсаң, баланы қуант» дегендей, сіздің сәлемдемеңізге балдырғандарымыз қатты қуанды!

Деніңіз сау, айналаңыз аман болып, Ақұштап апа екеуіңіз перзенттеріңіздің қызығын  бірге  көріңіздер!

Айтпақшы, былтыр Болат Абылғазиев, Арман Жұмағалиев, Серік Өтепқалиев, Қанзия Нетәлиева, Жанат Қауынова, Жанар Кенжеева, Бақберген Әбуов сияқты аға-апалар біз сияқты Қызылжарға көшіп келген балалы-шағалы үш отбасыға азық-түлік, киім-кешекке қоса, оқу құралдары жөнінен де айтулы көмек  көрсетті.

1 наурыз – Алғыс айту күніне орай осы аға-апалардың бәріне дән ризашылығымызды білдіріп, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, перзенттеріне жарқын болашақ, кемел келешек тілейміз!

Өмірді нұрлы шуаққа бөлейтін жақсы адамдардың қатары көбейе бергей!

Несібелі Бердібекова,

Шағатай ауылдық округі,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале