12.04.2021, 10:30
Оқылды: 79

Ораза – маңызды ғибадат

Мұсылмандар үшін тарихи маңызы зор көптеген игі істер қасиетті Рамазан айында орын алған. Бұл айдың қасиетті болуының тағы бір себебі Алла Тағаланың парыз еткен ораза құлшылығы да Рамазан айында өтеледі.

 171e6817-c307-487b-9f8d-50ae13d68bc0

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Әй, иман келтіргендер! Ораза сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей Аллаға қарсы келуден сақ болатын шығарсыңдар деп санаулы күндерде сендерге де парыз етілді», - дейді.

Ораза – бізді дүниеде жамандықтардан сақтайтын, ақыретте жәһаннам отынан қорғайтын және күнәларымыздың кешірілуіне себепші болатын маңызды ғибадат. Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Кімде-кім сене отырып, сауабын Алладан күтіп, Рамазан оразасын тұтса, өткен күнәлары кешіріледі», - деген.

Оразаның пайдасы өте көп. Рухани пайдасына келсек, адамның мінез-құлқын түзетіп, рухани тұрғыдан байытады, иманын күшейтеді. Пендені сабырлыққа, мейірімділікке, ауызбіршілікке және тағы басқа көптеген құндылықтарға шақырады. Ұрыс-керіс, төбелес, қылмыс атаулының көпшілігі тез ашулану және сабырсыздық дегеннен туады. Ал ораза –жүйкенің тозуынан, ұрыс-керіс, айқай-шу мен қылмысқа барудан пендені алыстатып, адами қасиеттерге баулитын құлшылық. Сондай-ақ ең үлкен пайдасы тозақ отына қалқан болады. Алла Елшісі  (с.а.у.) былай дейді: «Ораза – қалқан. Пенде ораза ұстаумен тозаққа қалқан қояды». Осы хадистегі «қалқан» біздің сабыр-шыдамымыз болып табылады. Бұл жөнінде ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Ораза – сабырдың, сабыр болса, иманның жартысы», - деген. Демек ораза иманнан туындайды. Иман тозақтан сақтайды. Мұсылман иманының қуатына қарай қылмыс пен күнәдан бойын аулақ ұстайды. Жүйкесін жұқартпайды,  ашуын ақылға жеңдіре алады. Ораза ұстап аш жүрген кезде нәпсі қозбайтындықтан, адамның сабыр сақтауы көп қиындық туғызбайды. Аяқасты тап болатын түрлі қиындықтарға шыдамдылық танытуда оразаның берер пайдасы көл-көсір. Ал денсаулыққа пайдасына келсек, халқымыз «Ауру – астан» деп тектен-тек айтпаса керек. Ғалымдарға құлақ түрсек, дұрыс тамақтанбаудың немесе мөлшерінен көп тамақтанудың және талғамсыз тамақтанудың салдары ауруға апарып соқтырады. Соңғы жылдары мамандар тарапынан көп талқыға түсіп, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жарияланып жүрген басты мәселелердің бірі – адамдардың дұрыс тамақтанбауынан туындаған дерттер. Ғалымдар адам баласының денінің саулығына оның не ішіп, не жегені қатты әсер етеді дейді. Ол аз десеңіз, атақты Ислам ғұламасы Ибн Халдун адам қандай малдың немесе жануардың етін жеп, сүтін ішкеніне байланысты бойында сол жануардың мінезі мен генетикалық ерекшелектері пайда болатынын айтқан. Сондықтан да біз не ішіп, не жегенімізге, қанша мөлшерде, қай уақытта жеп-ішу керекпіз бәріне көңіл бөлуіміз қажет.

теолог адайхан

Кейде «Намаз оқымайтын адамға ораза тұтуға болмайды» деген пікірлерді естиміз. Негізі намаз оқу құлшылығы мен ораза ұстау құлшылығы бір-бірімен байланысты болғанымен екеуі екі бөлек ғибадат. Сондықтан да намаз оқымайтын адам да аузын бекітсе болады.

Ал енді ауыз бекітіп жүріп оразаға қатысты бір сауалыңыз туындаса, немесе ораза қандай жағдайда бұзылатынын қандай жағдайда бұзылмайтыны туралы толығырақ білгіңіз келсе аудандық мешіт әрдайым ашық. Алла баршамыздың ниет-дұғаларымызды қабыл етсін.

 

Бағдат Адайхан,

 теолог

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале