28.04.2021, 9:28
Оқылды: 74

«Рақмет, Николай, көп жаса!»

Полиция бөлімінің жедел кезекшісі Николай Горбунов өзінің атына тұрғындардан осы шексіз ризашылық пен риясыз тілекті жиі естиді. Өйткені әлдебір мәселемен болсын, кеңесуге болсын, жолығуға келіп жататындар, ең алдымен, оның ілтипат-ықыласына, кәсіби көмегіне көңілдері өссе, елгезек азаматтың қазақшаға жүйріктігіне және марқаяды.

96D21593-A5EC-41A7-AEB4-63251FF6D70F

– Қазақ тілін әр қазақстандық білуі керек. Өйткені сен осы жердің ауасын жұтып, суын ішіп жүрсің ғой, – дейді ол ағынан ақтарылып.

Николай ауданымыздағы Тайпақ ауылында туып-өскен. Бірнеше ұлт өкілдерінің балаларымен құлын-тайдай тебісіп өсті. Шіркін, алаңсыз сол шырын шақ... Балауса кезінен түп халықтың  бай тілі ойына да, бойына да шым-шымдап дарыған тағдырына Николай аса разы. Әкесі Василий мен анасы Надежданың да қалың қазақпен бір үйдің жандарындай аралас-құраластығы, әрине, дүниетанымының көкжиегін кеңейтуге молынан септесті. Апасы Люба, кіші бауыры Сергей де мемлекеттік тіл жөнінде білімдерін шыңдауға құштар-ақ.

«Білсем, игерсем» деген ұмтылыс әлбетте, мол жемісін берері сөзсіз. Қазақ тілі Николай үшін мектепте сүйікті пәні болды. Ынтасын ұштаған мұғалімдерінің еңбегі есінен шыққан емес. Соның арқасында Тайпақтағы №21 орта кәсіптік-техникалық училищені ойдағыдай тәмамдады. Мұнда оқу мемлекеттік тілде жүргізілді. Тракторшы-машинист мамандығымен үлкен өмірге қадам басты. Көзді ашып-жұмғанша,  Отан алдындағы парызды өтейтін күн де жетті. Оған елордада, Президент Ұланында қызмет жасау бақыты бұйырды. Бұл әуел бастан білімге ықыластың, ізденіске құштарлықтың, өзін үлкен істерге дайындаудың нәтижесі еді. Зерек, аңғарғыш, аузын ашса, жүрегі көрінетін жігіттің мемлекеттік тілді таза білетініне қарап, қызметтестері  «Біздің Николай нағыз қазақ қой!» деп арқадан қағатын.

Әскерден соң әкесімен бірге ауылда паром өткелінде жұмыс істеді. Жақсы адамға қай жерде де орын бар, іске табанды, елгезек оның полицияға қызметке келуі де кездейсоқтық емес. 2003 жылдан бастап алдымен күзет полициясында, сосын Орал қаласындағы өртке қарсы қызметте бөлімше командирі болып істеді. Бірақ  әрдайым туған өңірі тартып тұратындықтан, бес жылдан соң ауыл жаққа оралды. Уақытша ұстау изоляторында жұмыс істеді, аудан орталығында, кейін Алғабас ауылында учаскелік инспектор болды. Уақытпен  есептеспей, жауапты істе жүріп Н.Горбунов облыста департамент пен Ішкі істер министрлігі қызметкерлері арасындағы мемлекеттік тіл мен білім жөнінде конкурстарға  әлденеше мәрте қатысып, қошеметтелді. 2018 жылы мемлекеттік тіліміздің өрісін кеңейту тақырыбына елордада өткен дөңгелек үстел мәжілісіне қатысып, ой-толғамдарын  ортаға салғаны  да  бар.

Иә, қазақ тілін біліп, оның қыр-сырына үңіле түсуі  Н.Горбуновқа бүкіл ғұмырына жәрдемдесіп, білімін молайтып, кәсіптік өсуіне кең мүмкіндік ашты. Колледж бітіріп, құқықтану бойынша жоғары білім алды. Полиция капитаны бүгіндегі жедел кезекші міндетін үлгілі, абыройлы орындап, әріптестері мен тұрғындар арасында құрметке, игі лебізге бөленіп келеді. Отбасында зайыбы Самал ол үшін берік «тыл», екі перзенті зор бағы болып табылады. Үлкен ұлы Чапаевтағы №1 орта мектебінің 4-сынып оқушысы Даниил полиция қызметкерлерінің балалары арасындағы конкурста қазақшаға «судайлығымен» дараланып, ҚР ІІМ-нің грамотасына екі рет ие болды. Келер уақытта мектеп табалдырығын аттайтын Ольга да әке өнегесімен, ағасының үлгісімен жүрері кәміл.

 Борис Мырзағалиев,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале