23.04.2018, 14:45
Оқылды: 64

Саратов облысында Наурыз мейрамы тойланды

Ресей Федерациясы Саратов облысындағы қандастарымыз жыл сайын Наурыз мейрамын тойлауды дәстүрге айналдырған.

Өткен жылы Маркс қаласында өткен мейрам биыл Красный Кут қаласында жалғасын тапты. Облыстық деңгейде өткен «Наурыз – 2018» мерекесінде ресейліктер достықтың, бейбітшілік пен бірліктің отын жағу рәсімін көрсетті.

Бұл рәсімде отты жағу «Арман» қазақ мәдениеті орталығының ақсақалы Талеган Джумалиевке бұйырды. Әрмен қарай сахнаға әр ұлттың киімін киген вокалды-хореографиялық ансамбль «Широка страна моя родная» әнін шырқап, аспанға әуе шарларын ұшырды.

Саратов облысының губернаторы Валерий Радаев, Ресей Федерациясы Президентінің ұлтаралық қатынастар кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Президентінің бүкіләлемдік қазақтар ассоциациясы президиумының мүшесі, «Ресейдегі қазақтардың федералды ұлттық-мәдени автономиясы» жалпыресейлік қоғамдық ұйымының президенті, самаралық Тоқтарбай Дүсенбаев, Қазақстан Республикасы Батыс Қазақстан облысының мәдениет, архив және құжаттама басқармасының басшысы  Қадырболат Мұсағалиев, ҚР Атырау облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева, ҚР БҚО Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев, Атырау облысы Құрманғазы ауданының әкімі Бибоз Шаяхметов, Саратов облыстық Думасының төрағасы Иван Кузьмин мерекенің құрметті қонақтары болды.

Қонақтарға қош келдің айтқан Саратов облысының губернаторы Валерий Радаев мерекемен құттықтады. Жиналған халыққа қонақтардың баршасы жылы лебіздерін жеткізді.

Концерттік бағдарламаны «Жәнібек сазы» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен Дана Қаратаева көңілді әнмен әуелетті. Сондай-ақ қонақтар Мәдениет үйінде ұйымдастырған көрменіде тамашалады.

Думанды кеште күрес, қол күресі, гір тасын көтеру сынды ұлттық спорттық ойындар ойналып, «Наурыз аруы – 2018» байқауы оздырылды.

Мерекеде бірнеше киіз үй бой көтеріп, іші қазақи нақышта безендірілді. Кеш барысында Жәнібек ауданының киіз үйінде Саратов облысының губернаторы Валерий Васильевич шұбаттан дәм татып, астан ауыз тиді. Екі ел арасындағы сыйластықтың нышаны ретінде, бірі-біріне естелік сыйлықтар табыс етілді. Өз кезегінде аудан басшысы Азамат Сафималиұлы Саратов қаласындағы «Қазақша сөйлейміз» атты үйірменің жетекшісі, қандасымыз  Жазира Аралқызына қазақ тілінде жазылған кітаптар сыйлады.

Г.Төреғалиева,

Жәнібек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале