Бүгін еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айрықша күндердің бірі. Қазақстан тарихында алғаш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп, ел азаматтары маңызды саяси науқанға қатысып, өз таңдауын жасауда.
Осы айтулы күні аудан әкімі Асланбек Сарқұлов дәстүрге сәйкес Ы.Сауанов көшесінің тұрғындарымен бірге №219 сайлау учаскесіне келіп, Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасады. Таң атқаннан-ақ сайлау учаскелеріне ағылған жұртшылықтың белсенділігі ел азаматтарының қоғамдық жауапкершілігінің жоғары екенін аңғартты.
Асланбек Ахметоллаұлы бұл сайлаудың тарихи маңызына тоқталып, Құрылтай сайлауын ел тарихындағы алғашқы маңызды саяси оқиғалардың бірі ретінде атап өтті.
— Бүгін еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар тарихи күн. Құрылтай сайлауы – ел тарихындағы маңызды саяси оқиғалардың бірі. Бұл азаматтардың өз таңдауын білдіріп, мемлекетіміздің келешегіне қатысты ортақ жауапкершілікті сезінетін сәт. Әрбір азаматтың дауысы маңызды. Өйткені елдің ертеңі бүгінгі таңдаудан басталады, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, Ы.Сауанов көшесінің тұрғындары әр саяси науқан сайын белсенділік танытып келеді.
Асылбек Нәсіпқалиұлы
Казталов ауданы