Таяуда теректілік қос ұстаз БҚО Білім басқармасының «Құрмет тақтасының» Құрметті педагогы атанды. Хош, сонымен олар кімдер? Бірге оқылық!
Қайырбек Байғалиев 2016 жылдан бері Госплемстанция жалпы орта білім беретін мектебінде алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінен сабақ беріп келеді. Өз іс-тәжірибесімен, кәсіби біліктілігімен, педагогикалық іскерлігімен, сабағын сапалы оқытумен, ізденімпаздығымен жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген жаңашыл ұстаздардың бірі. Ол кісі өз тәжірибесінде оқушылардың білім сапасын арттыруда әр түрлі әдіс-тәсілдерді насихаттап отырады. Оқытудың жаңа технологияларын пайдалану арқылы оқу мазмұнын жаңарту, нәтижеге бағытталған білім беру және инновациялық тәжірибелерді меңгеру арқылы оқушыларға сапалы білім беру мәселелеріне ерекше назар аударатын ұстаз.
Жиырмадан астам еңбек өтілі бар мұғалімнің жеткен жетістіктерлі көп-ақ. Тінін тарқатсақ, 2010, 2012, 2018 жылдары аудандық білім беру бөлімінің, 2014 жылы Батыс Қазақстан облысы білім басқарамасының, былтыр ҚР Білім және ғылым министрінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Жастарды патриоттық тәрбиеге тәрбиелеуде ерен еңбегі үшін облыстық «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігінің алғысына кенелген. «Казбат» жауынгерлік іс-қимылдар және бітімгершілік операциялар ардагерлерінің одағының «Қазақстан патриоты» және «Қарулы Күштер Ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Жергілікті әскери басқару органдарына 100 жыл» сынды төсбелгілері бар. Астана қаласыдағы Басқару қауіпсіздік және арнайы бағдарламалар академиясы, КазГЮ университетінің алғыс хатын алған. Республикалық «Алау» әскери спорттық ойынында оқушыларды жоғары деңгейде дайындағаны үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының алғыс хатымен марапатталды. Жүйелі жұмыстың жүлделі жеңістері жетерлік, мұның бәрін басылым бетіне сыйғыза алмайтынмыз анық, әрине! Жоғарыдағыдай марапаттары бар ұстаздың шәкірттері де осал емес! Айталық, Айлен Ізімғали, Алтын Қуанышқалиева, Аягүл Ашимова, Ажар Әшімова, Сұлтан Шалабаев, Ерсін Елубай, Жасмин Қоныс, Кристина Липнау, Айбек Ғаббасов, Нағым Биболатов, Айжұлдыз Халиоллиевалар талай бәйгелерде жеңіс туын желбірткен озық оқушылар. Республикалық, облыстық, аудандық жарыстарда шәкірттерінің жоғарғы деңгейдегі көрсеткіштерге ие болып жүргенінің өзі – ұстаздың тынымсыз еңбегінің арқасы.
Ал келесі кейіпкеріміз Құралай Ерзақова Долин ауылындағы Чапаев жалпы орта білім беретін мектебінің химия пәнінің мұғалімі.
– Жәнібек ауданына қарасты Жақсыбай ауылында 1979 жылы дүние есігін аштым. Әкем Нуфтолла – жүргізуші, анам Бақытқаным үй шаруасында болды. 1985 жылы Я.Свердлов атындағы орта мектептің 1 сыныбына барып, Жақсыбай орта мектебін 1995 жылы тәмәмдадым. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап ұстаз болу арманым еді. 8-сыныпқа келгенде химия пәні басталды. Сол уақыттан бері ұстазым Үміт Гұмарқызы сияқты химия пәнінің мұғалімі болғым келді. Асқақ арманның жетегімен 1996 жылы Алматы қаласындағы Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының химия мамандығы бойынша оқуға түстім. Сөйтіп 2000 жылы үздік дипломға аяқтадым. Сол жылы елге оралып Долин ауылындағы мектепке мамандығым бойынша орналастым. Осы мектепте 24 жыл ұстаздық жолда еңбек етудемін, – дейді Құралай Нуфтоллақызы.
Сабақты бала санасына сіңіру үшін үнемі қарапайым өмірден алынған мысалдармен келтіре отырып, баланың зейінін аша білудің хас шебері. Ол кісінің баулыған балалары сан алуан дүбірлі додаларда топ жарып жүр. Тіпті, алдыңғы оқытқан толқын химик- технологтар, химия пәнінің мұғалімдері, медицина қызметкерлері.
Мұғалімнің майталман маман атануы – Тәңірінің маңдайына жазған ең ұлы сыйы. Ол тек оқушыларды ғана емес, өзін-өзі дамытуды ұмыт қалдырған емес. Мәселен, аудандық мұғалімдер олимпиадасының жыл сайынғы жүлдегері. Сонымен қатар облыстық химия пәні мен шағын жинақты мектептің пән мұғалімдерінің арасындағы олимпиадаларында жүлделі орынға қол жеткізді. Авторлық бағдарламалары оң бағаланып, облыс көлемінде таратылса, «Химиядағы есептер» деген әдістемелік құралы жарық көрді. Сондай-ақ 2007 және 2020 жылдары екі мәрте Қазақстан Республикасының ғылым және білім министрлігінің «Құрмет Грамотасымен» марапталған.
Өмірлік жары, әрі әріптесі, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрлан аға екеуі ұл-қыз тәрбиелеп отырған ардақты ата-ана. Қызы Қымбат ЧапаевЖОББМ түлегі, «Алтын белгі», қазіргі уақытта М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенті, ал ұлы Ернұр Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 7 сыныбына оқуға қабылданған.
Самал Жамет,
Теректі ауданы