«COVID-19» вирусына қарсы тұру шаралары қолға алынған алғашқы күндері біздің №2 Теректі аудандық ауруханасының негізінде карантиндік стационар ұйымдастырылған болатын. Былтыр наурыз айында ашылған 20 орындық стационарға алғашқы науқастар 28 сәуірден бастап түсті.
Короновирус жайлы ақпарат аз, немен және қалай емдеуге болатынын жәй адам түгілі, дәрігерлердің өзі де түсініп болмаған сол кезеңде стационарда коронавируске шалдыққан адамдармен қарым-қатынаста болған 75 адам ем алды. Солардың арасынан 10 адамнан вирус анықталып, облыс орталығына, ауруханаға жеткізілді. Стационар екі ай жұмыс жасады.
Маусым айында короновирус індеті өршіп кеткені есіңізде болар. Сол айда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес, инфекциялық 20 төсек орын ашылды. Маусым-тамыз айларында бізде 36 науқас емделіп шықты. Тамызда эпидемиялық жағдай тұрақталып, инфекциялық орындар жабылды.
Биыл ауруханада 20 инфекциялық резервтегі төсек орын науқас қабылдауға дайын.
Коронавирусқа шалдыққандарды қабылдаған 2020 жылдың 28 сәуірінен күні бүгінге дейін індетпен күрестің алғы шебінде 35 медициналық қызметкер тұрды. Олардың ішінде 3 дәрігер, эпидемиолог және оның көмекшісі, 2 зертханашы, 14 орта, 14 кіші буын медқызметкер бар. Қаншама сақтанды дегенмен, медиктер арасынан 25 адам COVID-19 жұқтырып алып, емделіп шықты. 12 қызметкерге үкімет тарапынан 2 млн.теңге әлеуметтік төлем ақы берілді. 6 қызметкер санаторлық-курорттық ем алып, денсаулығын түзетті. «Сақтансаң, сақтармын» деген. Вакцинациялау басталысымен біздің қызметкерлер жаппай екпе алды. Күні бүгін біздің аурухана бойынша 142 медқызметкер екпе алып отыр. Жалпы, Теректі ауданының 2-ауруханасына қарайтын аумақта вакцина салу қарқынды. 1063 адам Гам-КОВИД-Вак және Hayat-Vaх екпесін алды. Созылмалы науқасты 18 адам, 31 полиция, 39 құқық қорғау органы қызметкерлері, әкімшілік қызметтегілер арасынан 24 адам екпе салдырды.
Вакцина салғызудың пайдасы зор екеніне бүгінгі күні көзіміз жетіп отыр. Вакцина салдырып, отбасындағы коронавирус анықталған науқастармен 14 күн бойы үйдегі тығыз карантинде болған адамдарда, КВИ белгілеріне күмән болған адамдарда ПТР нәтижесі теріс мәнді нәтиже берді. Бұл - біздің өзіміздің жинаған тәжірибеміз.
Бекзат Құбаев,
№2 Теректі аудандық ауруханасының бас дәрігері