25.05.2022, 12:00
Оқылды: 50

Халық үшін қажетті қадам

Бүгінде біз  үлкен өзгерістер алдында тұрмыз.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 5 маусымға республикалық референдум жарияланды.

Жалпы референдум дегеніміз – мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу. Алдағы референдумда біз Конституцияға – еліміздің Ата заңына енгізілетін толықтырулар мен өзгерістерге өз көзқарасымызды білдіреміз.

7

Референдумда Конституция баптарына суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту; азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру бағыттарында өзгеріс-толықтырулар енгізу дауысқа салынады.

Бұл бағыттың қай-қайсын алсаң да, елімізде шынайы демократия орнауына, ел басқаруға халықтың қатысуына жағдай жасауға қажетті қадамдар екенін ұғынасың. Мысалы, Конституцияның 6-бабы 3-тармағының жаңа редакциясында жер және жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені жайындағы норма нақты және кесімді түрде бекітілген. Меншік құқығын халықтың атынан мемлекет жүзеге асырады. Осылайша, халықтың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігі кеңейеді.

Мен ұрпақ өсіріп отырған әке, ақыл тоқтатқан ақсақал ретінде елімізде осындай өзгеріс болатынына қуаныштымын. Біз бүгін Жаңа Қазақстанды,болашағы жарқын Қазақстанды қалыптастыру үстіндеміз. Мұндай маңызды істе шет қалуға болмайды. Әр адамның дауысы маңызды.

Бұл – бізге бұйырған үлкен мүмкіндік. Сол мүмкіндікті пайдаланып, референдумға белсенді қатысайық.

Білікбай Қазиқанов,

Теректі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале