23.12.2015, 11:27
Оқылды: 21

Ақобалықтар Жолдауды бірауыздан қолдайды

 Janibek akobaliktar   Елбасының Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауы көпшіліктің жарқын болашаққа деген сенімін арттырып, ел үшін аянбай еңбек етуге үндейді. Жәнібек ауданындағы Ақоба ауылының тұрғындары да Елбасының 2016 жылға арнаған Жолдауын дағдарысқа қарсы басым бағыттарды белгілеген құнды құжат деп қабылдайды. Жолдауды талқылау жиынында ауылдық округ әкімі Рауан Рахметуллин баяндама жасап, Елбасының дағдарысқа қарсы бағытталған үш маңызды стратегиясын, дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңаруларды жүзеге асыру мақсатындағы бес маңызды басымдықтарды жұртшылыққа жіліктеп айтып берді.


Елбасының Жолдауын талқылаған жиында аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрпейіс Елемесов тарихи құжаттағы жаңа әлеуметтік саясат хақында айтылған тың бастамаларды,  дағдарыстан сүрінбей өту жолындағы Үкіметтің қолға алған іс-қимыл жоспарларын жіпке тізгендей етіп, талдап, саралай келіп, осы тұрғыда «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасына сай ауданда атқарылған жұмыстарды кеңінен баян етті. Жиында аудандық мәслихат депутаты, Х.Халиуллин атындағы мектептің мұғалімі Мұхтар Бисенғалиев сөз сөйлеп, Елбасы Жолдауында атап көрсетілген баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім алу төңірегіндегі көкейтесті мәселелерге тоқталып, жастарды жұмысшы мамандығын меңгеріп, ел үшін белсенді еңбек етуге шақырды.

Ақоба ауылында Елбасы Жолдауын талқылаған басқосуда Х.Халиуллин атындағы мектептің директоры Бақтияр Айтмұханбетов, «Балауса» балабақшасының меңгерушісі Гүлназ Жанекеева, ауылдық кітапхананың меңгерушісі Айгүл Өтепбаева сөз алып, мемлекет басшысының құнды құжатында айтылған бағыттар мен міндеттерді толықтай қолдайтындықтарын, осынау сындарлы шақтан сүрінбей өту мақсатында еліміздің күллі халқы сияқты ақобалықтардың да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ерінбей еңбектенетінін жеткізді.

www.zhaikpress.kz

Н.Өтей

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале