7.10.2015, 12:08
Оқылды: 34

Бейнебақылау камералары көбейеді

Beine bakilau kameralari kobeiedi  Орал қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен орталық «Мирлан» базары маңында құқықбұзушылыққа «мүлдем төзбеу» қағидаты бойынша рейд өтті. Оған қатысқан қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі  Дархан Ермұхановтың айтуынша, қала аумағында 2007 жылдан бері «Қауіпсіз аула» бағдарламасы негізінде 103 бейне бақылау камерасы орнатылған. Одан бөлек қоғамдық орындарда, көшелерде 58 камера жұмыс істейді. Орталық базар айналасында 4 камера бар. Құқықбұзушылықты анықтауда тәулік бойы қызмет ететін бұл құрылғылардың көмегі зор.

Санитарлық жағдайы бақылауға алынбаған соң, тауардың сапасы сын көтермейді. Қаладағы заңсыз сауда орындарына қатысты 800-ден астам әкімшілік хаттама толтырылған. Жыл ішінде екі мәрте осындай қадамға барғандықтан 34-іне айыппұл салынған. Ал қоқыс қалдықтарына байланысты сот құзырына 2000-нан астам іс-құжат жолданған.

Тәртіп сақшылары мемлекеттік органдармен бірлесіп бұқаралық ақпарат құралдары арқылы құқықтық мәдениеттің сапасын арттыруға мүдделі. Полиция подполковнигі Дархан Ермұханов орталық «Мирлан» базары аумағында тағы да он бейнебақылау камерасын қоюды жоспарлап жатырғандарын айтты. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 3 миллион теңгеге жуық қаражат қарастырылмақ. Алмазова көшесіндегі сауда нүктелерін бақылау үшін де бейнекамералар қойылады.

Кейін №5 учаскелік полиция пунктінде тікелей бейнежазба экранынан құқықбұзушылық жасағандарды ұстаған учаскелік инспектордың жұмысы көрсетілді. Қалалық ішкі істер басқармасының қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және жол қауіпсіздігін қорғау бөлімшесінің бастығы Сергей Мановицкий күдіктіні бұлтартпас айғақпен ұстаудың тиімділігін баяндады. Камералар жан-жақты бағытқа бұрылады және 300 метр қашықтықтағыны анық түсіреді.

www.zhaikpress.kz

Нұртай ҒАППАР

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале