17.11.2015, 9:17
Оқылды: 25

Березов және Бестау ауылдарынан 454 отбасы көшуге тілек білдіріп отыр

Berezov selosi    Қарашығанақ кенішінің санитарлық-қорғау аймағының кеңейтілуіне байланысты Үкімет шешіміне сәйкес Бөрлі ауданының Березов және Бестау ауылдарынан 454 отбасы көшуге тілек білдіріп отыр.

Аудан әкімі аппаратының жетекшісі Мұхтар Дәулетжановтың айтуынша, соның ішінде 423 отбасы Березовтан, 31-і Бестаудан кезең-кезеңмен қоныс аудармақ. Бірінші кезеңде 128 өтініш қаралып, соның 82-сі (75-і Березовтан, жетеуі Бестаудан) қолдау тапты. Осы қараша және желтоқсан айларында аталған отбасылар Ақсай қаласындағы қос көпқабатты тұрғын үйдегі 128 пәтерге орналаспақ. Мұндағы айырмашылықтың себебі кейбір үйлерде 15 адамға дейін тіркелген. Пәтер бөлу шарты бойынша әр адамға кемінде 15 шаршы метрден келуі керек. Алғашқы кезеңде әлеуметтік аз қамтылған және өткен жылғы 28 қарашадағы оқиға кезінде балалары зардап шеккен отбасыларға басымдық берілді. Бірінші кезеңде 397 адам көшірілетін болса, соның 49-ы - мектепке дейінгі, 70-і - мектеп жасындағы балалар.


 

Тұрғындарды қоныстандыру алдағы жылы да жалғасып, 372 үйдің (348-і - Березовтан, 24-і Бестаудан) адамдары көшіріледі. Соның ішінде Ақсайдағы көпқабатты тұрғын үйге көшуге 212 өтініш түсті. Аралтал ауылында жер телімі бар үйлерге қоныс аударуға 93, Бөрлі ауылына баруға 3 отбасы тілек білдірген.

Еске сала кетейік, өткен жылғы 28 қарашада Березов ауылында жаппай уланған 25 бала мен 4 ересек адам Бөрлі аудандық ауруханасына жатқызылған болатын. 28 қарашадан 9 желтоқсанға дейін барлығы 91 тұрғын медициналық көмекке жүгінді.

www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале