12.08.2016, 15:44
Оқылды: 13

Бірінші сынып жаңа бағытта білім алады

         Қазақстан орталық телекоммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова алдымен «Мектепке жол» акциясы жөнінде баяндады. Оның дерегінше, тамыздың бірінен басталған акцияның алғашқы онкүндігінде әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы санатынан 1531 балаға 7914,4 мың теңге, соның ішінде бюджеттен тыс қаражат есебінен 1134 балаға 4364,5  мың теңгеге қаржылай және материалдық көмек көрсетілді. Жалпы, акция өткен сегіз жыл ішінде 117 647 оқушыны қажетті көмекпен қамтамасыз ету үшін 534,158 млн. теңге жұмсалған.


Биылғы оқу жылында облыста 387 мектепте 93 мыңнан астам оқушы білім алады деп есептелуде. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен ҚР Білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында қыркүйектің бірінен бастап 1-сыныптың барлығы жаңартылған білім мазмұнына көшеді. Бұған дейін дайындық сынағы еліміздің 30  мектебінде сәтті өткен. Жаңа бағдарламаны оқу жүйесіне кезең-кезеңімен енгізу толығымен 2020 жылы аяқталады. Биыл бес күндік оқуға бейімделген 1-сыныпқа 11 467 оқушы қабылданады деп күтілуде. «Өрлеу» БАҰО облыстық филиалы мен Назарбаев зияткерлік мектебі жанындағы педагогикалық шеберлік орталықтарында бастауыш сынып мұғалімдері біліктілікті арттыру курстарынан өтуде.

Зәуре Базарғалиқызы облыс бойынша 779 483 дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешенді сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 775 млн. теңге бөлінгенін айтты. Күні бүгінге баспадан оқу құралдарының 94 пайызы алынып, 80 пайызы білім мекемелеріне жеткізілген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында облыста тоғыз мектеп пен бір балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілуде.

Оқушылар санының азаюына байланысты Сырым және Теректі аудандарында екі бастауыш мектеп жабылды. Облыста екі негізгі мектеп орта, екі орта мектеп негізгі және екі негізгі мектеп бастауыш мектеп болып, қайта құрылды. Бұл мәселеге байланысты қойған тілшілер сауалына орай, Зәуре Ғұмарова жыл сайын мектептердің жабылу дерегі тіркеліп жатқанын айтты. Мәселен, өткен жылы 10 білім беру ұйымы  қызметін тоқтатқан. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта жалғасуы мүмкін. Сәйкесінше, жабылу қаупі бар мектептерде оқитын балаларды үш шақырым қашықтықтағы ауылдардағы білім беру ұйымына күнделікті тасымалдау немесе интернатқа орналастыру, педагог мамандарды жұмыспен қамту мәселелерін шешумен жергілікті әкімдік айналысады.

Өткен жылы ҚР үкіметінің бекіткен қаулысына сәйкес, террористік қауіп кезінде осал болып саналатын, яғни бір мезгілде ішінде 200-ден астам адам болатын білім беру нысандарын бейнебақылау камералармен жабдықтау қолға алынған. Соған байланысты қазіргі кезде облыстағы мектептерге камераларды орнату үшін қажетті қаражат жергілікті бюджеттен бөлінген. Бұл шара, бір жағынан, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал  етеді деп есептелуде.

Кезекті брифингте облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ақпаратты талдау бөлімінің бас маманы Арайлым Бақытжанова мен «БҚО Азаматтық альянс» қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директорының орынбасары Асыланбек Ақшалов 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне байланысты Орал қаласында өтетін шараларға тоқталды. Мәселен, Мәншүк Мәметова алаңында асық ату ойыны, караоке-батл және флешмоб ұйымдастырылады. Тамыздың 13-інде Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында мерекелік кеш болмақ. Шоуда талантты жастар өнер көрсетеді. Жаңа әндер шырқалады.

Тамыздың 18-інде Сырым ауданыда облыстық жастар форумы өтеді. Қыркүйек айында Ресей Федерациясынан келген жастардың қатысуымен «Көршілер» халықаралық лагері ұйымдастырылады.

Брифингте сондай-ақ «Орал аруы – 2016» сұлулық байқауы өтетіні мәлім болды. Бұл жайында «Мария ханым» сән үйінің директоры Жұлдыз Құспанова әңгімеледі. Ол байқау алдында қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып жатқанын айтты. Арулар сынына 12 адам іріктеуден өткен. Олар қазіргі кезде шеберлік дәрістеріне қатысып, би өнері және әртістік қабілетін шыңдауға қатысты кеңес алуда. Қыркүйектің үшінде қазақ драма театрында болатын байқауды көруге Францияда тұратын белгілі кинорежиссер Рашид Нұғыманов арнайы келмек. Сондай-ақ театр фойесінде ұлттық киімдер, кәдесый, әшекей өндірушілер мен сатушылар арнайы көрме ұйымдастырады.

Нұртай Текебаев

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале