24.03.2016, 18:56
Оқылды: 43

БҚО мәслихатының хатшысы сайланды

  Malik kylshar  Бүгін алтыншы шақырылымдағы Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының алғашқы ұйымдастыру сессиясы болды.

Онда облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов алдымен Мәжіліс және жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау қорытындысын жария етті. Оның айтуынша, биылғы науқанда өңірде барлығы 734 сайлау комиссиясы құрамында 5138 адам жұмыс жасады. Барлығы 1756 байқаушы қатысса, соның 52-сі - шетелдіктер.


Өңірде 430875 сайлаушы тіркелді, бұл 2012 жылғы Парламент сайлауындағыдан 33140 адамға немесе 8,3 пайызға көп. 317469 сайлаушы (73,68 пайыз) дауыс беруге қатысты, бұл 2012 жылғыдан 31798 адамға немесе 9,8 пайызға артық. Сайлаушылардың 82,68 пайызы «Нұр Отан» партиясы, 5,48 пайызы Қазақстан коммунистік халық партиясы, 7,71 пайызы «Ақ жол» партиясы, 0,89 пайызы «Бірлік» партиясы, 1,33 пайызы Жалпыұлттық әлеуметтік-демократиялық партиясы, 1,98 пайызы «Ауыл» партиясы үшін дауыс берді.

Бұдан кейін жаңадан сайланған облыстық мәслихат депутаттарына куәліктері табыс етілді.

БҚО облыстық мәслихатының хатшысы болып Мәлік Құлшар сайланды. Мәлік Иманқұлұлы бұған дейін де төртінші және бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихат хатшысы қызметін атқарып келген болатын. Сессияда сондай-ақ тұрақты комиссиялардың құрамы мен төрағалары сайланды.

Сессияға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жаңадан сайланған депутаттарды құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі.

Айта кетейік, БҚО мәслихатының құрамы 60 пайызға дерлік жаңарды.

www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале