31.10.2016, 18:03
Оқылды: 24

Бөкей ордасы ауданы орталығында жәрмеңке ұйымдастырылды

%d0%b1%d0%be%d0%ba%d0%b5%d0%b9-%d0%b6%d0%b0%d1%80%d0%bc%d0%b5%d0%bd%d0%ba%d0%b5  Бөкей ордасы ауданы орталығындағы «Береке» жабық базарында жәрмеңке ұйымдастырылып, оған Орда, Бисен, Саралжын, Бөрлі ауылдық округтерінен келген шаруа қожалығы иелері төрт түлік мал өнімдерін, мұратсайлықтар балық, сайқындықтар көкөніс, жеміс-жидек шығарып, тұтынушыларға құнын күнделіктіден сәл төмендетіп ұсынды.


  Бисендік «Нияз» шаруа қожалығының жетекшісі Бауыржан Құсанов, сайқындық Баян Айғалиева және ордалықтар жылқы етін – 1000, қазысын – 2500 теңгеден қойса, бөрлілік Әбілхата Сүндетовтің ұлы Сырымбек Сүндетов қой етін 850-ге беріп, бөтелкедегі қымыздарын 700 теңгеден сатты. Ордалықтар сиыр етін 900-ден десе, саралжындықтар тірілей әкелген баспағына 90 000 сұрады. Саралжын ауылдық округі әкімі аппаратының маманы Асқар Мәмбетов саудаласып көруге келісетіндіктерін айтты. Сонымен қатар олар сары майды 2500, сүт, айранды 250, құрттың 100 грамын 300 теңгеден өткізді. Жәрмеңке ашылсымен келген бисендік Күлмай Сатпақованың қаймақ пен сары майын (1000, 2000 тг) сайқындықтар сатылымға шығарсымен-ақ қағып кетті, бөтелкесі 200 теңгеден болған айраны да ұзақ тұрмады. Мұратсайлық Мейрамгүл Жанаева балықтың үш түрін (мөңке – 300, шортан – 400, сазан – 600) ұсынса, сайқындық Тойған Батырғалиева Атыраудан әкелінген сазандарымен базарлай шыққан халықты бір қарық қылды. Бұл күні жеке кәсіпкер Шайда Шейдаев өзінің Ресейдің Быков қаласынан әкелген асқабақ, қауындарының килограмын 80, қарбызды (салқынға шыдамды түрі) 60-тан, баклажан, қызанақ, бұрышты 150, картоп, орамжапырақты  90, пиязды 70-90, алма 100-150 теңгеден, ал, ащы бұрыштардың данасын 20 теңгеден белгілепті.

Сыртқы базар алаңында саралжындық Нұрлыбек Мақсотовтың жас қозының етінен дайындаған кәуабының бағасы 500-ден болды. Әрі бұл күні жеке кәсіпкер Сәния Нүркенованың жұмысшылары тұрғындардан (килограмы 250 теңге) жүн түтуге тапсырыс та қабылдады.

Г.БАДЕЛОВА

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале