18.11.2016, 11:37
Оқылды: 27

«Ешкімге тиын-тебен салып, судан миллиондап ақша табуға жол бермейміз»

%d0%b0%d1%80%d0%bc%d0%b0%d0%bd-%d0%be%d1%82%d0%b5%d0%b3%d1%83%d0%bb%d0%be%d0%b2  БҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәжіліс залында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың төрағалығымен өңірдегі балық шаруашылығын дамыту, табиғат пайдаланушылардың өз міндеттерін атқаруы жайына арналған кеңес өтті.


Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының  басшысы Амангелді Дәулетжановтың айтуынша, жергілікті маңызы бар 70-тен астам су айдынының 45-і конкурстар бойынша 30 балық шаруашылығы субъектілеріне бекітілген. Олармен балық шаруашылығын жүргізу жөнінде келісімдер жасалған. 30 су қоймасы резервтік қорда тұр. Табиғат пайдаланушылар бірнеше жыл бойына (5 жылдан  49 жылға дейін) балық қорын сақтауға, молайтуға, ғылыми зерттеуге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға қаржы бөліп, жұмыстануға міндеттеледі. Осы мақсатқа орай 2015 жылы 22 табиғат пайдаланушы 14 млн. 200 мың теңге шамасында қаржы жұмсаған, соның ішінде балық қорын молайтуға 2 млн. 41 мың теңге жұмсап, 707 625 балық шабақтары суға жіберілді.  2016 жылдың 10 айы ішінде 32 табиғат пайдаланушымен 20 млн. 067 мың теңге жұмсалды, 2 млн. 959 мың теңгеге су қоймаларына 730 мың шабақ жіберілген. Өткен жылы балық аулау квотасы 240 тонна болып, ол 90%-ға орындалды. Ал биыл квота шамасы 349 тоннаны құраса, ол қараша айының басында 240 тонна (69%) болып орындалған. Жыл сайын аталмыш басқарма бюджеттен бөлінетін қаржыға су қоймаларына ғылыми негіздемелер жасақтап, құжаттар дайындайды. Сонымен қатар су айдындарындағы балықтың қыста мұздың астында қырылып қалмауы үшін тиісті шаруаларды ұйымдастырады.

-Балық шаруашлығының барлық субьектілері өз міндеттеріна адал қарамайды. Келісімшарттарын орындап жүргендердің ішінде «Марченко» ЖК-ін айтуға болады. Ол тоған түбін тереңдету мақсатында бөгет салып, табиғат аясында демалатындарға арнап 4 жеті орындық үй тұрғызды. Тұқы балығының шабақтарын өсіретін шағын инкубациялық цех құрылысын салды. 2015 жылы  180000 дана 7-15 грамм салмағындағы шабақтарды өсіріп шығарды. Келешекте тұқының дәрнәсілдері мен шабақтарын өңірдің табиғат пайдалнушыларына таратуды жоспарлап отыр, - деді А.Дәулетжанов. Оның айтуынша, «Алтын дән» ЖК (Рубежка өзеніндегі су қоймасын пайдаланушы), «Алтын бидай» шаруа қожалығы (Корей тоғаны) балық шаруашлығын жүргізу міндеттеріне жүрдім-бардым қарап, ең ақыр аяғы басқармаға есептерін де тапсырмайды. Келісімшарттарына салғырт қарайтын субъектілер қатарында «Мансурова А.Д.», «Жанбузов», «Илиманова Н.А.» жеке кәсіпкерліктері, «Оралагрореммаш» АҚ бар.

Жиында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Закария Тұралиев,  «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Батыс Қазақстан филиалының ғылыми қызметкері Дмитрий Пилин балық шаруашылығын жүргізу және балық ресурстарын қорғау жөніндегі келісімшарттардың  орындалуы, облыс аумағындағы тауарлық балық шаруашылығын дамыту келешегі жайында баяндады. Сонымен қатар табиғат пайдаланушылар  Мүтиғолла Жанбозов, Дмитрий Марченко балық шаруашылығын дамыту жайындағы өз ойларымен бөлісті.

-Әрбір табиғат пайдаланушымен су айдынының аумағына қарай суға жіберілетін балықтың шамасын анықтап алу керек. 150 мың теңгеге балық аулап, 50 мың теңгеге балық шабағын алып, балықты көбейтемін деді. Сонда табиғат пайдаланушы 50 мың теңгеге балықты қалай көбейтуі мүмкін? Балық қоры жыл санап азайып барады. Су қоры да тапшы. Қазір өңірдегі каналдарды, щлюздерді жөндеуді қолға алдық. Алдағы 5 жылда суландыру жүйесін бұрынғы қалпына келтіреміз. Балықты көбірек аулаймыз, Атыраудың балығын квотамен алып, Ресейге сатамыз, ал оны молайту жұмыстары мүлдем мардымсыз. Барлығын тәртіпке келтіруіміз керек. Бұрын ауыл шаруашылығы саласында «Агробизнес-2020» бағдарламасы болды, енді соны 2017-2021 жылға дейін деп жаңадан бекітеді. Онда балық шаруашылығы саласын дамыту қаралған. Сондықтан балық шаруашылығын дамытудың облыстық бағдарламасын жасақтайық. Мемлекет тарапынан қандай қолдау-көмек керек, қандай көлемде нендей шаруаға субсидия қажеттігін анықтайық. Облыста мал шаруашылығы қалыпты дамуда, салаға субсидиялар бөлінуде, жыл санап мал басы 10-12 пайызға, асыл мал саны өсуде. Осы сықылды балық шаруашлығын да дамытайық. Біз ешкімге де тиын-тебен салып, судан миллиондап ақша табуға жол бермейміз. Өз міндеттерін орындағысы келмегендерді комиссияға шығарыңыздар,- деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов жиынды қорытындылап, табиғат пайдаланушыларға өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауды еске салды және тиісті басқарма, инспекция басшыларына табиғат пайдаланушылармен жұмысты ширатуды тапсырды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале