31.12.2015, 13:30
Оқылды: 88

Жасөспірімдерді жыныстық зорлық-зомбылықтан қорғау тақырыбына баспасөз мәслихаты өтті

zorlau   Облыстық прокуратура қызметкерлері білім және денсаулық басқармасы өкілдерімен бірігіп, жасөспірімдерді жыныстық зорлық-зомбылықтан қорғау тақырыбына баспасөз мәслихатын өткізді.  


    Жиынды ашқан облыс прокурорының аға көмекшісі Алмагүл Исмағұлова соңғы бес жылда жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істің екі есеге дейін  (2010 жылы 84,  ал 2014 жылы 174 жағдаят тіркелген) өскенін, оның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандарға қатыстысы төрт есеге дейін (2010 жылы 12, ал 2015 жылы 75-ке дейін жағдаят тіркелген) көбейгенін айтты. Осыған орай, бұл бағыттағы жұмыс күшейіп, соның нәтижесінде соңғы кездері кәмелеттік жасқа толмаған  балаларға қатысты жыныстық қылмыс жағдаятының өсу қарқыны 4 пайызға (49-дан 47 дейін) азайған.

    - Мұндай қылмыстың жасалуына отбасылық құндылықтың әлсіреуі, адамзаттың рухани азғындауы, зорлау әркеттерін жасауға бейім адамдарды анықтау бойынша денсаулық сақтау және ішкі істер органдарының өзара іс-қимылының әлсіздігі, оқу орындарындағы алдын алу шараларының жеткіліксіздігі, зинақорлық пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын ғаламтор-сайттарының теріс әсері, және ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы мен жас өскіндердің аңғалдығы себеп болып жатады. Ағымдағы жылдың 24 желтоқсанындағы мәлімет бойынша жасөспірімдер арасындағы жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты 75 қылмыстық іс тіркелсе, соның 11-і зорлау, 5-і күш көрсету арқылы зорлауға әрекет жасау, 51 жағдаят 16 жасқа толмаған жасөспірімдердің жыныстық қатынасқа түсуі және 8-і жасөспірімдердің азғындауына немесе жоларды азғыруға (развращения малолетних) қатысты болып отыр. Орын алған осы жағдаяттарды тергеп-тексеру нәтижесі бойынша 28 іс екі жақтың татуласуына байланысты тоқтатылды. 11 қылмыстық іс сотқа жіберілсе, 2 істің мерзімі үзілді және 34 қылмыстық іс өндірісте. Жасөспірімдерге қатысты 8 қылмыстық іс бойынша процессуалдық прокурорлар тағайындалып, олар 8  қылмыстық істі сотқа жолдады.  Облыс соттары осы санатқа қатысты 6 қылмыстық істі қарады.

Жасөспірімдердің мұндай қиын жағдайға ұрынуына ең алдымен ата-аналары мен оларды қоршаған орта кінәлі. Көбінесе, мұндай жағдайға тұрмысы төмен отбасылардың балалары ұрынып жатады. Статистикалық мәліметтер бойынша аталған санаттағы қылмыстық істердің 80 пайызы балаларға жеткілікті көңіл бөлінбеудің, бала тәрбиесіне атүсті қараудың нәтижесінде болып отыр, -деген Алмагүл Рамазанқызы бүгінгі таңда ішкі істер органдарында  217  жағдайы жоқ (неблагополученная семья) отбасының есепте тұрғанын айтты. Бұл жанұяларда 370-ке жуық балалардың өсіп жатқанын жеткізген құқық қорғау өкілі олардың жағдайына алаңдаушылық білдірді.

Бұдан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Сара Еспанова сөйлеп, жасөспірімдердің репродуктивтік құқын қорғау ісінің маңызына тоқталды.  Оның сөзінше, жыныстық зорлыққа ұшыраған қыздар мен олардың ата-аналары көбінесе болған жайды дабыра қылмай, жасөспірім қыздың аяғы ауыр болып қалған жағдайда не түсік жасатады немесе босануға шешім қабылдайды. Кәмелеттік жасқа толмаған жас қыздың түсік жасатуы кейін өзіне опық жегізеді. Тіпті, дүниеге сәби әкелгеннің өзінде жарық дүниеге ешкімнің қалауынсыз келген сәби не мүгедек болып тууы мүмкін, иә болмаса тұрмысы төмен отбасында күтімсіз өскендіктен, аурулы болып өседі.

- Бүгінгі таңда облыс бойынша ағымдағы уақытта 16 жасқа дейінгі жасөспірім қыздар арасында 30 жүктілік жағдаяты тіркелді. Олардың арасында 6 қыз түсік жасатса, 10 қыз босанып, ана атанды. Қалған 14 қыз есепте тұр. Аяғы ауырлап қалған 30 жүкті қыздың 8-і орта мектеп оқушылары, оның 6-ы кешкі мектепте оқыса, 11-і колледж оқушылары, ал қалған 5-і үйлерінде отырғандар. Биыл 17-18 жастағы 183 қыз жүкті болып қалып, оның 5-і түсік жасатты, -деген Сара Тақанқызы бұл жағдайлардың жасөспірім қыздың ағзасына кері әсер етіп, денсаулығына нұқсан келтіретінін айтты. Одан әрі ол мұндай жағдайлардың алдын алу үшін прокуратура, білім және денсаулық саласы мамандары бірігіп қала мектептері мен аудан-ауылдарда семинарлар ұйымдастырып жүргенін айтты.

    Баяндамашылардың сөзін қолдаған облыстық білім басқармасының тәрбие және профилактикалық бөлім басшысы Луара Батырғалиева мен  Орал қалалық ІІБ әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Арман Қасымов адам өміріндегі бала тәрбиесінің маңызына тоқталып, ата-аналарды еліміздің ертеңі–жас ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударуға шақырды.

www.zhaikpress.kz

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале