13.05.2016, 16:55
Оқылды: 25

Жас зерттеушілер аудан әкімінің қабылдауында болды

Janibek jas zertteushuler     Жәнібек ауданы әкімі Мұрат Мұқаев ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда жетістіктерге жетіп жүрген бір топ оқушыларды және олардың жетекшілерін қабылдады.


         Қабылдауда болған дарынды оқушылар өлкеміздің тарихын, белгілі тұлғалардың өмірін, еңбек жолдарын асқан қызығушылықпен зерттеп-зерделейтінін айтып өтті. Сондай-ақ, әртүрлі ғылыми байқаулардан алған әсерлерімен де бөлісті. Кездесу барысында аудан басшысы Мұрат Мұқаев елімізді дамудың даңғыл жолына бастайтын білімді жас ұрпақ екендігіне басымдық берді. Жаңалығы желмен жарысқан заңғар заманның басты талабы білім мен ғылым жолындағы тынымсыз талпыныс пен үздіксіз ізденіс екендігін атап айтты. Осындай талантты оқушылардың ел игілігіне жарар білімді азамат болатындығына сенім білдірген аудан әкімі оларды белсенді әрі ұлтжанды болуға шақырды. Сонымен қатар, оқушылардың ұстаздарына да алғысын білдірді.

         Мұрат Рахметұлы ҚР Білім және ғылым министрлігі БҚО білім басқармасының «Орал өңірінде балалар туризмін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен ардагер-ұстаз Сәния Ғайнушеваны, «Хрустальды шоқыр» жүлдесінің V облыстық байқауында «Туристік-өлкетану қызметі бойынша үздік кәсіптік білім беру» аталымында 3-орын алғаны үшін БҚО білім басқармасының басшысы А.Мыңбаеваның дипломымен Жәнібек колледжінің директоры Берік Ихсановты, жас зерттеушілерді іздестіру-зерттеу жұмыстарына баулып жүрген аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Ахмедияр Батырханов пен журналист әрі ұстаз Меңдігүл Фазылованы алғыс хаттармен марапаттады. Ал, қабылдауда болған оқушыларға естелік сыйлықтар табыс етіп, білім сапарында бұдан былай да табысқа жете берулеріне тілектестік білдірді.

www.zhaikpress.kz

Д.ЗЕННАТ

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале