5.08.2015, 18:22
Оқылды: 17

Жетістік бар, алдағы жұмыс одан да ауқымды

Орал қалалық мәслихатының кезекті 36-сессиясы өтіп, онда қала әкімі Алтай Көлгінов ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында шаһарда атқарылған шаруа жайлы есеп Kolginov esepp01бере келе, күні бүгін қолға алынған және болашақта жасалатын жұмыстарға кеңінен тоқталды. Сессия жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко қатысып отырды.

Алтай Сейдірұлының баяндауынша, жылдың алғашқы алты айы ішінде қала бюджеті 25 млрд. 678,7 млн. теңге құраған. Орал қаласында өнеркәсіп өнімдері өндірісі 46,8 млрд. теңгеге жеткен. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 7,8 пайызға өсім бар. Әсіресе, жиһаз өндірісі 31,8 пайызға, құрылыс материалдарын шығару 27,7 пайызға, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 22,4 пайызға артқан. Негізгі капиталға салынған инвестиция 21 млн. теңгеге жетіп, күні бүгін республикалық бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй құрылысы, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жасақтау, жылу, сумен қамту және кәріз жүйесін жаңғырту жұмысы жүргізілуде.

Тұрғын үй құрылысына кеңірек тоқталар болсақ, шаһарда есепті мерзім ішінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы көлемі 30 мың шаршы метрге жуық үй салынды. Оған республикалық бюджеттен 2,9 млрд. теңге жұмсалды. Астана күні мерекесі қарсаңында 486 отбасына жаңа пәтерлердің кілттері салтанатты жағдайда табыс етілді. Сондай-ақ апатты үйлердің мәселесін шешу үшін мемлекеттік-жеке әріптестік пилоттық жобасы аясында екі көпқабатты (90 және 144 пәтерлік) тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл үйлерді сол бұрынғы орындарында, яғни Деповская көшесі бойында «Болашақ - Т» және «СВ плюс» ЖШС-ның құрылысшылары салып жатыр. Оған қоса үйлерге инженерлік желілерді тартуға қажетті және үйлердің маңын абаттандыруды көздеген жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда.

Күні бүгін қала тұрғындарын жолдардың жай-күйі айрықша толғандырып отырғаны жасырын емес. Осы орайда қолға алынған жұмыстарға жеке-жеке тоқталған Алтай Сейдірұлы ел-жұртты уақытша орын алған қиындықтарға түсіністікпен қарауға шақырды.

Қала әкімінің айтуынша, Оралда 31 сауда базары ресми тіркелген, соның 10-ы ірі базар, 13-і орташа және 8-і - ұсақ базар. Есепті мерзім ішінде шаһардың орталық бөлігінде орналасқан «Мирлан», «Тұлпар», «Қайнар», «Орталық киім-кешек», «Алмазов», «Жигули», «Ақ жол», «Қалау» базарларының иелерімен сауда орындарын жайландыру, саудагерлерге қолайлы климат тудыру, базарлар аумағында заманға сай сауда орталықтарын салу жөнінде кездесулер өткізілген. Нәтижесінде қазір 6 базар әкімшілігі ескі, жабайы тәсілден арылып, жаңа базар құрылысына кіріскен. Ағымдағы есеп бойынша қала базарларында сауда жасайтын жеке кәсіпкерлердің саны 9 мыңнан асып жығылады.       1 шілдедегі дерекке сүйенсек, Оралда 2165 адам (тұрақты жұмысқа орналасқаны 947) жұмысқа орналастырылыпты. 923 азамат жұмыссыз ретінде есепте тұр. Жұмыссыздық деңгейі 0,7 пайыз. Жыл басынан бері 5 жұмыспен қамту жәрмеңкесі өткізіліп, оған 143 жұмыс беруші қатысқан.

Баяндама біткеннен кейін қала әкімі Алтай Көлгінов мәслихат депутаттарының бірқатар сауалдарына жауап берді. Депутаттар әкімнің есебін қанағаттанарлық деп бағалады. Сондай-ақ сессияда қалалық бірқатар бөлімдердің алты ай ішінде атқарған жұмысы туралы хабарлама тыңдалып, Орал қалалық мәслихатының жекелеген шешімдеріне өзгерістер енгізілді.

www.zhaikpress.kz

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале