17.11.2015, 11:30
Оқылды: 34

Зеленовта «Толғайды тарих» дәстүрлі ән байқауы өтті (ФОТО)

Zelenov anshilar   Зеленов ауданында БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасы және Зеленов ауданы әкімдігінің қолдауымен, БҚО жастар қауымдастығының ұйымдастыруымен  облыстық  дәстүрлі ән байқауы өтті.

Аталмыш байқауға Орал қаласынан, Ақжайық, Сырым, Қаратөбе, Зеленов аудандарынан 7 үміткер қатысып, үш айналым бойынша бақ сынады. Бірінші айналымда үміткерлер екі халық әні мен бір терме орындаса, екінші кезеңде бір ән, бір терме, шешуі айналымда бір ән немесе бір терме орындады.

Дәстүрлі әндер байқауының жүйріктерін  анықтауда М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы Дастан Есентеміров, облыстық халық шығармашылық орталығының маманы Батырхан Қайыров, әнші-композитор, «Ақниет» әжелер ансамбілінің жетекшісі Гүлбаршын Қасиетова, БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Ранида Ашенова, қалалық «Жастар» мәдениет үйінің әншісі Армат Исламғали төрелік етіп, үміткерлердің орындау шеберлігіне, өнерпаздың өзін-өзі ұстауы мен сахна мәдениетін сақтауына қарай баға берді.


Тартысты өткен өнер додасының қорытындысы бойынша зеленовтық Әсем Темірбекова III, БҚМУ студенті Жұлдыз Орынбекова II, Оралдық Әсел Есбекова I орынды иеленсе, сырымдық Сәлімжан Әубәкіров бас жүлдені жеңіп алды. Байқауға қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Байқаудың жабылуына қатысқан аудан әкімі Кәрім Жақыпов:

- Ұлттың дәстүрлі әнін ұлықтап, көне тарих сарынын, бабалар үнін насихаттаған кеш әрқайсымыздың жүрегімізге жігер құяры анық. Жыры мен сырын, салт-дәстүрі мен жөн-жоралғысын ұрпағына аманаттаған дана халқымыз мұраты ұлттық брендіміз. Бұндай байқау алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдемін, - деген аудан басшысы, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап сырымдық Сәлімжан  Ғабдрахимұлына сыйлық табыстады.

Zelenov anshilar03 Zelenov anshilar02 Zelenov anshilar01

www.zhaikpress.kz

Динара Насыр

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале