25.01.2016, 16:51
Оқылды: 18

Зеленов ауданында Мәуліт айына орай мерекелік рухани кеш өтті

 Zelenov mybarak meirami  Зеленов аудандық «Достық» мәдениет үйінде Мәуліт айына орай мерекелік рухани кеш өтті.

Мәуліт айы - екі дүниенің нұры, Алла тағаланың соңғы елшісі, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің дүниеге келген айы.

Жиында аудан әкімінің орынбасары Асылұлан Досжанов, облыстық орталық мешіттің наиб имамы Марат Асанов, қалалық мешіттің наиб имамы Талғат Исқалиев, Сырым және Тасқала аудандарының бас имамдары, зеленовтық жамағат бас қосты.


Кеш шымылдығы Орал медресесінің шәкірті Сұлтангелдінің құран бағыштауымен түрілді. Кейін сахна төріне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Асылұлан Тұрсынұлы жалпақ жұртшылықты қасиетті мерекемен құттықтады.

Ал, облыстық орталық мешіттің наиб имамы Марат Асанов аудан халқына ыстық лебізін білдіріп, шарапатты шара шеңберінде шариғат шарттарының қалай орындалатыны турасында сөз қозғап, ғибратты әңгіме өрбітіп, ел тыныштығын тіледі.

Мерекелі шара барысында Пайғамбарымыздың өмірінен дерек келтірілген бейнебаян көрсетіліп, медресе шәкірттері Мәуліт оқыды. Аудан өнерпаздары да қалыс қалмай, Алла, имандылық жайында ән шырқады.

Сонымен бірге, аудандық мешіттің бас имамы Әзілхан Бисенғалиев өткен жылда атқарылған тың жұмыстарға тоқталып, аудандағы конфессияаралық келісімді сақтап, аудан тұрғындары, жастар арасында теріс діни ағым жетегіне кетпеу мақсатында ұйымдастырылатын шараларға ұйытқы болып, демеушілік  көрсетіп, сүбелі үлес қосқан бір топ тұрғындарды салтанатты түрде марапаттады.

www.zhaikpress.kz

Динара НАСЫР

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале