11.02.2016, 18:43
Оқылды: 46

«Квант»: жиһаздарымыз ішкі нарықта жақсы сатылады

 Kvant  11-ақпан күні жергілікті және республикалық БАҚ өкілдері Оралдағы «Квант» ЖШС-нің жиһаз өндіретін цехында болып, жұмыс барысымен тікелей танысуға мүмкіндік алды.


Журналистер алдымен корпустық жиһаз шығаратын орынды көрді. Түсінікті болу үшін пайта кетсек, корпустық жиһаз дегеніміз бұл – жатын бөлмеге, асүйге қажетті дүние –мүліктер, шкаф, шифоньер, үстел, орындық және т.б.  Ашылғанына  3-4 ай уақыт өткен жап-жаңа цехта 50 адам жұмыс істеп, отбасыларын асырауда. Өндірістік желі, станок атаулының бәрі соңғы, озық үлгідегі жабдықтар. Әйгілі неміс фирмаларының бірінен сатып алынып, орнатылған. Күніне жатын, асүй жиһазының 50-ге жуық жиынтығын өндіретін кәсіпорын өз өнімдерін облысымыздағы дүкендер желісі арқылы, қала берді Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарына, Астана қаласына сатуда. Тұрақты іскерлік байланыстар, клиенттер базасы қалыптасқан.

-Біздегі өнім сапасы барлық сапа стандарттарына сай келеді, яғни жоғары. Шикізатты Рсейден әкелеміз. Жиһаздың дизайнын өзіміз ойлап табамыз. Республикалық, халықаралық көрмелерге қатысып, әріптестеріміздің жақсы жақтарын өзімізде қолдануға тырысамыз. Жалпы, ай сайын шамамен 100 млн. теңгенің өнімін өндіреміз – деді корпустык жиһаз шығару цехының технологы Евгения Краснова.

БАҚ өкілдері келесі кезекте аталмыш компанияның жұмсақ жиһаз шығаратын цехының жұмысымен танысты. «Бұл жерде диван, кресло, екі кісілік жұмсақ жатын кереует сияқты жиһаз түрлері өндіріледі. Поролон мен серіппе сымдар өзімізден, отандық шикізаттан жасалады. Матаны Алматыдан, Түркия мен Қытайдан алдырамыз. Цехта 48 адам еңбек етеді» - деді цех бастығы Виталий Хамзин.

Шара соңында БАҚ өкілдеріне БҚО кәсіпкерлік және идустриалды-инновациялық даму басқармасы бастығының орынбасары Әнуар Ниетқалиев шағын сұхбат берді.

-Біз қазір «Квант» компаниясының жиһаз жасайтын цехында тұрмыз. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде аталмыш кәсіпорын 2015 жылы мемлекеттен алған 730 млн. теңге субсидияға германдық жаңа өндірістік желіні тез ор орнатты. Бұл жоба облыстың Индустрияландыру картасына еніп отыр. Өткен жылы аймақтық Үйлестіру кеңесінде 109 жоба мақұлданды. Биыл шағын кәсіпкерлерге инновациялық жобалары үшін 3 млн. теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар бөлінбекші. Кәсіпкер болғысы келген барша азаматтарды осы бағдарламаға қатысуға шақырамыз. Қажетті мағлұматты біздің басқармадан, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының БҚО филиалынан алуға болады – деді Ә.Ниетқалиев.

www.zhaikpress.kz

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале