20.10.2015, 12:39
Оқылды: 37

Кеселді жеңу – ортақ іс

 

100-накты-кадам-350x214Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Бет жүзіне, лауазымына қарамай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізу қажет. Бүкіл халық болып мұндай індетке қарсы тұруымыз керек. Бұл – әрбір адамның азаматтық парызы» деген болатын.

Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық мәселесі тек елімізде ғана емес, әлемнің басқа да елдері үшін аса өзекті мәселеге айналып отыр. Сыбайлас жемқорлық ұлттық шектеулерді білмейді. Сондықтан еліміз үшін сыбайлас жемқорлықпен күресте үздік тәжірибелерді қолдануда әлемдік тәжірибелерге сүйенудің де маңызы зор.  

 Әлемдік көзқарас

 БҰҰ-ның халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы анықтамалық құжатында: «Сыбайлас жемқорлық – бұл жеке мақсаттарында пайда көру үшін мемлекеттік билікті пайдалану» делінген.

Экономикасы қарыштап дамыған Сингапур елінің сыбайлас жемқорлықпен күресудегі жетістікті тәжірибесі біздің мемлекет үшін құнды, себебі біздің де менталитетіміз «азиаттық», сонымен қатар бұл «цифрлық экономикасы» бар мемлекет тәжірибесі болып табылады.

Еліміздегі белгілі саясаттанушылар мен зерттеушілердің пікірінше, сыбайлас жемқорлықпен күресудің малазиялық тәжірибесі де ойға қонымды. Малайзияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылған стратегиясы мен оның жоғары деңгейде іске асырылуы айтарлықтай нәтижелі. Қазақстан мен Малайзия елдерінің халық саны шамамен бірдей, мемлекеттік аппарат саны, экономикасының көлемі сияқты ұқсастықтары Малайзия елінің тәжірибесі тұрғысынан әкімшілік сыбайлас жемқорлықты жоюға жағдай жасайтын мәселелерді қарастыруға мүмкіндік береді.

Қоғамдық белсенділік қажет

Бүгінде бұл мәселемен түбегейлі айналысуды қолға алған «Нұр Отан» партиясы атқарып отырған шаралардың маңызы ерекше.

«Нұр Отан» партиясы Қаратөбе аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Жақанұлы ел дамуына кері әсерін тигізіп отырған дертпен күреске тұрғындардың барлық тобын, азаматтық қоғамның түрлі институттарын тартудың маңызы зор екендігін алға тартады.

- Жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімді әрі табысты жүзеге асуы үшін қоғам тарапынан қолдау қажет. Қоғам белсенді қатысса ғана оң нәтижеге жете аламыз, - дейді Н.Оразов.

Қаратөбелік партия мүшелері індетпен күресті мектеп жасынан бастауды жөн деп санайды. Сондықтан мектеп, колледж оқу әдістемесіне жемқорлыққа қарсы тәрбие беру бағдарламасын енгізуді ұсынады. Балалардың бойына адал еңбек ету мәдениетін сіңіру қажет деп есептейді.

Ал аудандық мәслихат хатшысы Батырғали Тойшыбаев жемқорлыққа қарсы күрес үшін құқықтық базаны нығайту керек дейді.

- Індетке қарсы бағытталған іс-шаралар жалпыұлттық міндет сипатына ие бола алады. Сондай-ақ, жемқорлықты жоюға азаматтардың атсалысуын реттейтін нормалар мен олардың құқығын қорғау, қандай да бір кепілдік беру жайы да назарда болуы шарт.

Жалпы, жас ұрпақ тәрбиесінде баланың бойында жастайынан жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыра білген абзал.

Шыны керек, қазіргі кезде көптеген ата-ана баласын материалдық тұрғыдан қамтуға мән береді де, рухани жағын ақсатып алады. Бұл да қоғамдық індеттің өршуіне әкеліп соқтырады. Сондықтан отбасы институтын күшейтуіміз керек, - деп ой сабақтайды ол.

 Заң бұзушылыққа жол берілмейді

Қаратөбе ауданының прокуроры Руслан Сабыровтың мәлімдеуінше, аудан бойынша мемлекеттік сатып алу салалары, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері, өтініштерді қарау тәртібі т.б заң бұзушылықтар кездесіп жатады.

Ағымдағы жыл ішінде мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 20 өтініш беруші жас маманның құқықтарына кедергі келтіру арқылы сыбайласқан жемқорлықпен ұштасқан құқықбұзушылықтарға жол берілген. Осы мәселе бойынша тиісті тәртіптік жаза алынды.

Сонымен қатар, тұрғын үй қатынастары саласында үйді жекешелендіруші тұлғалар (барлығы да лауазымды тұлғалар) тұлғаларға артықшылық жасалынып, бюджетке кіріс төлемі түсірілмегендігі анықталды. Сол себепті шара алу фактісі бойынша 5 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 млн. астам қаражат мемлекет пайдасына өндірілді.

 Шариғат шеңберіндегі тыйым

Cыбайлас жемқорлық – кез-келген қоғамның індеті. Адамдық тұрғысынан да, діни тұрғыда да оны ақтап алу мүмкін емес.

Жалпы, Ислам шариғатында кез-келген мәселенің үкімі – Құран аяттары мен хадиснама деректеріне жүгіне отырып шығарылады. Бұл жөнінде Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде (Мәида сүресі, 42-аят): «Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер. (Мұхаммед Ғ.С.) егер олар саған келсе, араларына үкім бер, немесе олардан жүзіңді бұр. Егер олардан жүз бұрсаң, олар саған ешбір зиянын тигізе алмайды. Ал егер араларына үкім берсең, тура үкім бер. Шәксіз Алла турашылдарды сүйеді» - деген. Аяттағы «арам жеушілер» дегені – өзгенің мал-мүлкін иемденіп, ақысын жегендер.

Жемқорлық меңдеген жерде әділетсіздік, имансыздық жайлап, сенімсіздік артады. Бұл адамзат атаулыны Алла Тағаланың көрсеткен ақ жолынан адастырады. Пара алу немесе беру арқылы тек өзіне емес, қоршаған ортаға, қоғам дамуына кері әсерін тигізеді, - дейді аудандық мешіттің бас имамы Әділжан Бекқазиев.

Сенімділік әділдікке жетелейді

Қазақ халқы тарихында әділдік пен туралықты ту еткен үш тұғыр – Төле, Қазыбек және Әйтеке бидің өнегеге толы өмір-ұстанымдары бүгінгі қоғамды ойлануға шақырады да тұрады.

Осы орайда әдебиетіміздегі «Зар заман» деп аталатын әйгілі кезеңнің ірі өкілдерінің бірі Шортанбай Қанайұлының сонау замандарда би-болыстарды жемқорлықтан сақтандырған төмендегі өлең жолдарының тәлім-тәрбиелік мәні зор:

Билер пара жемеңіз,

Жалғанды жол демеңіз.

Ақырет қамын іздеңіз,

Жанға тіпті тимеңдер.

 

Кісі ақысын алмаңдар,

Аузына арам салмаңдар.

Дүние жиып өткен жоқ,

Бізден бұрынғы пайғамбар.

 

Сөз айтайын үлкендер,

Құдайдан қапы кетпеңдер.

Әлің келсе, Мекке бар,

Старшын, болыс болам деп,

Ысырап қып мал төкпеңдер! - деуі бүгінгі қоғамнан алыс емес.

Әлемге танымал психолог Луиза Хейдің “Өзіңе сенімділік әділдікке жетелейді” психологиялық кеңесімен ой түйіндеуді жөн көрдік:

«Біз өзімізді бар жанымызбен сүйіп және өзімізді құрметтесек, сонда өз іс-әрекеттеріміз бен қылықтарымызды қоштаймыз, біз адамдармен ең ғажап қарым-қатынас тудыра алатындай, жаңа қызықты жұмыс табуға мүмкіндік беретіндей, дене салмағымызды тұрақтандыра алатындай, денсаулығымызды нығайта алатындай етіп ақылымызды нақты ұйымдастыруды құрамыз. Өзіңді қабылдау және өзіңді қоштау – бұл жағымды өмірлік өзгерістер жасаудың кілті».

www.zhaikpress.kz

Ертай БИМҰХАНОВ

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале