20.12.2015, 13:00
Оқылды: 28

Кәсіпкерлік қызметіне кедергі келтірген Орал қалалық құрылыс бөлімінің басшысына 991 мың теңге айыппұл салынды

Tarazi   Орал қалалық сотының үкімімен Орал қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мәлік Еснияз ҚР ҚК 365-бабы 2-бөлігі 1-тармағына сәйкес айыпты деп танылып, оған мүлкін тәркілеумен бірге 500 АЕК көлемінде 991 мың теңге айыппұл салынды.

Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, М.Еснияз сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.


Өткен жылдың қазанында аталған бөлім мен мердігер ЖШС арасында көп пәтерлі үй құрылысы мен абаттандыру жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу жөнінде келісімшарт жасалған. Оған қоса келісімшартқа сәйкес аталған нысан құрылысын техникалық қадағалауды мойнына алған «Киреев М.К.» жеке кәсіпкерлігі жұмыс басталғаннан-ақ мердігер тарапынан жіберілген заңбұзушылықтар туралы М.Есниязды хабардар еткен. Алайда лауазымды қызметкер бұған құлақ аспаған. Биылғы сәуір мен мамыр айларында нысандағы жұмыстың аяқталмағанын біле тұра, М.Еснияз жеке кәсіпкерге орындалған жұмыстар актісіне қол қоюға заңсыз нұсқау берген. Жеке кәсіпкер мұны орындауға мәжбүр болған.

Сондай-ақ маусым айында құрылыс бөлімінің басшысы актіге қол қою үшін кәсіпкерді шақырып алып, ол бас тартқан кезде ешқандай мәселе туындамайтынын айтып, түсіндірген. Сөйтіп нақты орындалған жұмыс көлемі шындыққа сәйкес келмесе де, М.Еснияз тарапынан қысым көрген жеке кәсіпкер 2015 жылғы сәуір, мамыр және маусым айындағы жұмыстар үшін қол қойған. Сонымен қатар жұмысты техникалық қадағалаусыз жүргізу мақсатында бөлім басшысы жеке кәсіпкерді нысанға кіргізбеу жөнінде мердігерге ауызша тапсырма берген. Осылайша «Киреев М.К.» жеке кәсіпкерлігіне заңды қызметін жүзеге асыруына кедергі келтірген.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале