10.09.2015, 21:19
Оқылды: 21

Көңілді кеш сыйлаған өнер ұжымы

Oblistik jastar shig ortaligi    Қаратөбе ауданында облыстық Жастар шығармашылығы орталығының көркемөнерпаздары «Туған елге тағзым» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.

Қазақ хандығының 550 жылдығына, басқа да айтулы мерейтойларға байланысты өткізілген мерекелік концерт шағын сахналық көрініспен басталды. Асхат Оразов, Бейбіт Қажығалиев, Райгүл Сисенова сынды дәстүрлі әншілер шеруі түрлі ұлт өкілдерінің билерімен жалғасып, көрерменнің көңілінен шықты.

Концертті тамашалауға келген қаратөбелік көрермендерді «Батыс стар» тобы «Самға, Қазақ елі!», «Алға, Қазақстан!», Нұргүл Оразғалиева «Сәлем, саған туған ел!», «Аңсағаным», Фарзана Мақсотова «Сені ойладым», Альберт Ғазизжанов «Бозторғайым» әндерімен баурап алды.

Жерлес әншілер Асхат Оразов «Қанапия», «Айжанай» әндерін, Венера Исламғалиева «Қос бәйтерегім», «Шай ішіп кетсең қайтеді...» атты сазды сәлемдерін жолдағанда көрермендер қол соға қошемет білдірді.

Гитарасымен шығып Абайдың «Айттым сәлем Қаламқасын», Шәмшінің әндерінен попури орындаған Қадырболат Едіровпен жиналған халық қосыла ән шырқады. Концерт Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» әнімен аяқталды.

Мерекелік сазды бағдарлама соңында сахнаға көтерілген облыстық Жастар шығармашылығы орталығының директоры Бауыржан Халиолла ұжымның өнерін жоғары бағалап, алтын уақыттарын бөліп келген қаратөбелік көрермендерге ризашылығын білдірді. Өнер ұжымының киелі Қаратөбе жеріне келіп, көрермендерге көңілді кеш сыйлаған облыстық Жастар шығармашылығы ұжымына Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Сатқан Өмірзақов алғыс білдіріп, сый-сияпат табыстады.

www.zhaikpress.kz

Серікбай ХАСАНОВ

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале