7.06.2016, 18:36
Оқылды: 29

ЛАГЕРЬДЕ ДЕМАЛУШЫЛАР АТПЕН СЕРУЕНДЕУДІ БАСТАДЫ

Kaztalov atpen seruendeu    Қаймана қазақ үшін жылқының маңыздылығы жоғары. Жылқы – қазақтың жаны, сұлулықтың пірі, тазалық пен тектіліктің символы, мың бір дерттің дауасы. Біздің данагөй бабаларымыз бағзы заманнан-ақ жылқының еті, сүті, өзі арқылы небір ауруларды емдеп жазып, жүре алмайтын мешел, сал балаларды да аяғынан тік тұрғызып, төрт құбыласы тең адам қатарына қосқан.


    Расында, жылқы малының адамзат баласы үшін сан түрлі пайдалы қасиеттері бар екені күн өткен сайын мәлім болуда. Ғылымда дәлелденген бір жайт – атқа салт мінудің емдік  пайдасы мол. Аттың  бір қалыпты жай жүрісінің өзінде оған мінген адамның денесінде 110 түрлі тербеліс туады екен. Яғни, барлық буын қозғалысқа көшеді деген сөз. Сол себепті атқа міну – адамға оң ықпал етіп, ағзаны нығайта түседі. Әсіресе енді буыны қатып, жетіліп келе жатырған балалар үшін атқа мінудің пайдасы зор  екені анық.

   Медицина тілінде иппотерапия аталатын бұл ем түрін енді ауданымызда да жолға қойылмақ. Қошанкөл ауылындағы «Алау» жазғы лагерінде демалушы балалар бүгін салт атқа мініп, уақыттарын мейлінше тиімді өткізді.

   Әсем табиғат аясындағы лагерьде балалар 3 сағат көлемінде атқа мініп, жалын сипап, тіпті қимас достарға да айналып кетті.

   Өздерін  Талдыапан орта мектебінің оқушыларымыз деп таныстырған  балалар – Диас Қалиоллин, Роман Каргапольцев, Дария Болатова бүгін атқа бірінші рет мініп отыр екен.  -Атқа мінген қатты ұнады. Бойымызға бір рух бергендей, желмен жарыса жүгіргіміз келді. Енді ауылға барған соң атқа үнемі мініп жүруді әдетке айналдыратын боламыз, -дейді олар.

    Жүздері алаулап, қуаныштан бал-бұл жанған жеткіншектерге бұл күн үлкен тарту болғаны анық. Лагерьдегі қызыққа толы күндер енді тағы бір естен кетпес естелікпен толықты.

   Айтпақшы, осы «Алау» лагері орналасқан Қошанкөл ауылында еліміздегі тұңғыш жылқы мұражайы жасақталып жатыр.

www.zhaikpress.kz

Мөлдір ӘНУАРБЕК

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале