29.03.2016, 18:36
Оқылды: 30

Медиацияның маңызы зор

????????????????????????????????????

   Наурыздың 28-інде БҚО кәсіпкерлер палатасында «Татуластыру рәсімі» тақырыбында басқосу өтті. Қазіргі уақытта құқық қорғау саласындағы түйткілдерді шешуде медиация тетіктері оң нәтиже беріп келе жатқан белгілі. БҚО кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Нұржан Мақсотов сотқа дейін даудың шешімін табуы кәсіпкерлер үшін маңызы зор екенін айтты. Бизнесмендер мен заңды тұлғалар арасында және өзара келіспеушілік туындап жататыны рас. Былтыр палатаға жолданған 245 арыз-шағымның 18-і алдын ала бейбіт келіссөз жүргізу арқылы шешімін тапқан.


     – 2016 жылдың 1 қаңтарында жаңа Азаматтық процестік кодекс қолданысқа енгізілді. Елімізде іске қосылған үш сатылы сот төрелігі жүйесі дауды сөзбұйдаға салмай, нақты шешімін табуға негіз болуда. Қазіргі уақытта сот жариялылығына баса көңіл бөлінуде. Мәселен, азаматтар үшін ҚР Жоғарғы соты сайтынан судья рәсімдеген актты қарау қолжетімді. Сот отырыстарында дыбыс және бейнежазылымдар жүргізіледі. Сондай-ақ тұрғындар ғаламтор арқылы сандық қолтаңбамен құжат рәсімдеп сотқа арыз жолдай алады. Азаматтық процестік кодексте «Татуластыру рәсіміне» жеке тарау арналған. Онда қос тараптың татуласуына себеп болатын үш институтты тетік қарастырылған. Біріншісі, бейбіт келісімге қол қою арқылы. Екіншісі, сот ісіне тәуелсіз бітімгердің араласуымен болатын медиация жолы. Сондай-ақ судьяның өзі де бітімгер ретінде қос тарапты татуластыра алады. Яғни, дауласушылар басқа бітімгер іздеп, уақыт жоғалтпайды. Үшінші институт қорғаушылардың қос тарапты бітімге шақыруына мүмкіндік береді, татулық келісімі кейін сот шешімімен мақұлданады. Заңнамадағы жаңашылдық азаматтық сот ісін қысқартуға елеулі әсер етуде, – деді БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Қанат Қадырбеков.

      Дөңгелек үстелде «Татулас» кәсіпқой медиаторлар мекемесінің төрайымы Мәулен Хабиева «Медиация – дауды шешудегі  балам тәсіл» тақырыбында баяндама жасады. Ол бітімгершілік арқылы сотқа дейін дауларды реттеудің оңтайлы тетіктері туралы құқықтық ақпараттарды ортаға салды. Басқосуға қатысушылар мамандардан өзін толғандарыған сұрақтардың жауабын алды.

 www.zhaikpress.kz

Нұртай ТЕКЕБАЕВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале