3.06.2016, 18:01
Оқылды: 35

Мемориалдық тақта орнатылды

????????????????????????????????????

   Бүгін Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, статистика саласының білгірі, ауылымыздың құрметті азаматы Жәнібек Әкімәліұлы Әкімәлиев тұрған К.Меңдәлиев көшесіндегі №15 үйге мемориалдық тақта орнатылды.


   Ең алдыменен ауылымыздың молдасы Дамир Мырзағалиев Ұлы Отан соғысының ардагері Жәнібек атамызға құран бағыштап, дұға оқыды. Салтанатты шараға ардагердің балалары мен ағайын-туыстары, немерелері, қызметтес достары, көршілері қатысты. Мемориалдық тақтаны ашу құрметі еңбек ардагері Шынболат Өтешқалиев пен жұмыстасы болған Жүсіп Бисеновке бұйырды.

   Жәнібек Әкімәліұлы 1924 жылы Фурманов ауданы, Төртпішен ауылында дүниеге келген. 1942-1944 жылдары аралығында Ұлы Отан слғысына қатысып, І дәрежелі Отан соғысы орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Соғыс аяқталғаннан кейін 1945-1948 жылдары Фурманов аудандық дайындау мекемесінің маманы, бастығы болып қызметттер атқарды. 1954-1957 жылдары «Жұлдыз» май заводының директоры, «Жасқайрат» колхозының партком хатшысы, ауылдық тұтынушылар қоғамының төрағасы болды. 1959-1991 жылдары аудандық статистика саласында қызмет істеп зейнеткерлікке шықты. Екі рет «КСРО статистика саласының үздігі» белгісімен марапатталып, 1991 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген статистика қызметкері» атағын алды.

    -Әкеміз шаруаға тиянақты, ісіне адал, салмақты кісі болатын. Ол ауданымыздың, ауылымыздың дамуына өзіндік үлес қосты. Зейнеткерлікке шықаннан кейін де қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқ. Жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге атсалысты. Жастарға соғыстың қиындығын, соғыстан кейінгі кездегі елдің жай-күйін, егемендік алған жылдардағы ел экономикасы туралы әңгімелеп беретін. Бүгін өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатуды жөн санадық. Сол маңызды шараның сәті бүгін түсіп отыр, — деді ардагердің ұлы Мергараф Әкімәлиев.

   Шарада аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалия Ахметова, еңбек ардагерлері Шынболат Өтешқалиев, Кенжебай Үмбетов, көршісі Нығмет Қисметов, бірге еңбек еткен әріптестері Жүсіп Бисенов, Балқия Залиевалар естелік әңгімелер айтты.

www.zhaikpress.kz

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ

Жалпақтал ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале