11.03.2016, 12:39
Оқылды: 31

Мәртебесі артқан мемлекеттік тіл

Til janashiri  «Талабы бар тоқсан тілді меңгерер, талабы жоқ тоқсан сылтау өңгерер» дегендей тіл үйрену мәселесі  адамның ниет мен санасына, ішкі мәдениетіне байланысты. Қазіргі таңда мемлекеттік мекеме  қызметшілерінің  мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне жағдай жасау, мемлекеттік тілді басқару тіліне айналдыру – негізгі  алғышарттардың бірі екені белгілі. Осы міндеттерді орындау мақсатында  БҚО Ішкі істер департаментінде мемлекеттік тілге байланысты барынша оңды жағдайлар жасалып, тіл үйрету курстарының нәтижелілігін арттыру үшін нақты шаралар жүзеге асырылуда.


          Департаменттің мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің мамандарының ұйымдастырып, өткізіп жатқан жеделдете оқыту курстарынан өзге 2015 жылғы маусым-қазан айлары аралығындағы кезеңде Батыс Қазақстан облыстық Тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен Ішкі істер департаментінде тілді үйрету курстары жүргізілді. «Қазтест» бағдарламасы бойынша өткізген  сабақтарға  2 топта 29 тыңдаушы қатысып, нәтижесі бойынша олардан емтихан қабылданып, сертификаттар табыс етілді.

          Жалпы бұл «Қазтест» жүйесі бойынша 2013-2014 жылдары БҚО ІІД-нің 200-ге жуық полиция қызметкері байқау сынағынан өткен болатын.  Ал, 2015 жылы қараша айында диагностикалық тестілеу ұйымдастырылды. Бұл шараға облыстық ішкі істер органдары бойынша барлығы 200-ден аса қызметкер үлкен қызығушылықпен белсене қатысып, сынақ нәтижесі  бойынша қызметкерлеріміздің 80 пайызы жоғары деңгейге қол жеткізді. Қызметкерлерге алдағы уақытта сертификат алуға сынақ тапсыру жоспарлануда. Осыған орай  айтылым, жазылым, оқылым, тыңдалым деңгейлерін қамтитын «Қазтест» бағдарламасымен байланысты әрбір мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік тілден сапалы сынақ тапсыруына бағытталған сабақтар жүйелі түрде жүргізілуде.

         Министрліктің талабына сай жабдықталған мемлекеттік тілді үйрену үшін  12 тыңдаушыға  арналған арнайы лингафон кабинетіндегі қызметтік және әдістемелік оқулықтар, қазақ ақын-жазушыларының шығармалары, ұлттық салт-дәстүрімізді  бейнелейтін этнографиялық бұрыш және «Іс қағаздары үлгілері», «Мемлекеттік тіл бұрыштары» да мақсатқа сай пайдаланылуда.

          Сабақтар әрбір қызметтің ерекшелігіне қарай бейімделіп өткізілуде.  Мәселен, кадр, штаб қызметкерлері өз қызмет саласы бойынша бұйрық, өтініш, жеке парақтар толтыру сияқты іс қағаздары үлгісімен жұмыстанса, криминалдық, тергеу, анықтау саласының қызметкерлерімен қылмыс туралы бағдар, қылмыс туралы тәуліктік мәлімет, іздеу салу бойынша және т.б. құжаттарды  толтыру үлгілері пысықталады. Сондай-ақ, «Тіл ұстарту» сабақтарында қазақтың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары, ұлттық аспаптары, ұлттық жабдықтарына кеңінен тоқталып, өзге ұлттың   салт-дәстүрімен салыстырмалы түрде түсіндіріледі.

            Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүргізу мақсатында БҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі департаменттің іс жүргізу жұмысына ұдайы бақылау жасап, тиісті талаптар қоюының нәтижесінде қазақ тіліндегі құжат айналымы бүгінгі күні 100 пайызға жетіп, тіл үйренуші қызметкерлердің сауаттылығы жылдан-жылға артып отыр.

          Ішкі істер органдарындағы мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктету – осы саладағы әрбір мемлекеттік қызметшінің азаматтық парызы десек, ана тіліміздің мәртебесі тіл жанашырларының еңбегі арқылы арта берсін дейміз.

www.zhaikpress.kz

БҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале