24.03.2016, 13:10
Оқылды: 20

Наурыз мейрамы тойланды

Janibek Nauriz meirami   Жәнібек ауданының орталық алаңында Наурыз мейрамы тойланды. Алаңда төрт киіз үй, хан шатыр тігілген.  Аудандық мәдениет үйінің басшысы  Жақсылық Бисенғалиев бізбен әңгімесінде хан шатырдың алдында  тайқазан қойылатынын айтып, еңкейген кәріден бастап, еңбектеген балаға дейін осы жерге кіретінін жеткізді.  Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Рустам Аманғалиев та таң сәріден бастап кәсіпкерлердің  ерте жиналып, ұлттық тағамдарды алып келгенін тілге тиек етті.

          Алаңда  тігілген киіз үйдің алдында Тайыр Жароков атындағы орта мектептің директоры Ерментай Жұмагереевпен сөйлестік.  Ол өз сөзінде киіз үйді аудандағы мекемелердің көмегімен бірлесіп жасағандығын айтты. Сол сияқты аудан орталығындағы басқа да білім ошақтары Ғ.Қараш, М.Ықсанов, Қ.Мусин атындағы отауларды тігіп, оның алдына көрнекі жабдықтар дайындаған.

           Мейрам алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Мұрат Мұқаев барша қауымды халқымыздың  төл мерекесімен құттықтады. –Қазақстанды мекендейтін барша ұлттардың  өкілдері бір-бірімен тату-тәтті, берекелі  өмір сүріп жатыр. Әз-Наурыздың адам баласын ізгілік пен сыйластыққа, ынтымаққа тәрбиелейтін ежелгі қасиетін біз барлық қазақстандықтардың бойына дарытуға, оны өз өміріміздің салтына айналдыруға міндеттіміз. Кешегі өткен сайлауда қазақстандықтар өзінің бірлігі мен татулығын әлемге тағы бір паш етіп, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатын қолдайтындықтарын, халқымыздың болашаққа сеніммен қарайтындығын дәлелдеді. Ел игілігі үшін жасалған барлық басталамарға сәттілік, отбасылырыңызға амандық тілеймін! - деді ол.

           Наурыз мерекесіне арналған салтанатты шара аудандық мәдениет үйі көркемөнерпаздарының әзірлеген концертімен жалғасын тапты. Онда атқа мінген бір топ жастар театрландырылған көрініс қойып, «Жәнібек сазы» халықтық-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен халық және қазақ композиторларының әндері шырқалды. Ауданға танымал Ақтоты Ешматова, Райымбек Каримов, Мира Сүндетова, Дана Қаратаева сынды әншілердің орындауындағы әндер мен күмбірлеген күйлер, мың бұралған билер көпшіліктің көңілінен шығып, көрермендерді рухани ләззатқа бөледі. Концерттік бағдарламамен қоса алаңда спорттық ойындар қатар жүріп жатты. Аудан жұртшылығы қол күресі, гір тасын көтеру, қазақша күрес, аударыспақ, арқан тартыс сияқты ұлттық ойындардан сынға түсті.

www.zhaikpress.kz

Н.Өтей

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале