5.06.2015, 12:00
Оқылды: 30

Облысымызда мал шаруашылығымен айналысуға қажет жердің жетіспеуі жобаға кедергі болып отыр

 Zelenov egin Nogaev01  Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Зеленов ауданында болып, биылғы егін барысымен және мал өсіретін шаруашылықтардың тыныс-тіршілігімен танысты.

   Өңірде соңғы кезде ауыл шаруашылығын әртараптандыру қолға алынып, соның нәтижесінде дәнді дақылдар егістігі ықшамдалып, мал шаруашылығын дамыту үшін бір жылдық және көп жылдық шөптер сынды мал азықтық дақылдар егуге баса көңіл бөлінуде. Биыл Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығын қолдауға 6 миллиардтай теңге бөлінсе, соның 4,7 млрд. теңгесі мал тұқымын асылдандыруға, 469 млн. теңгесі көктемгі егіс жұмыстарына бағытталды.

   Фермерлермен әңгіме кезінде биылғы сәуір мен мамырдағы жиі жауған жаңбырдың әсерінен ылғал қоры жақсы екендігі айтылды. Демек, ауа райы алда да қолайлы болып, күннің ыстығы күйдіріп жібермесе, егіннен үміт бар.
Мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар басшылары жердің жетіспейтінін тілге тиек етті. «Сыбаға» бағдарламасы басталғаннан бері елімізге 60 мың бас асыл тұқымды мал әкелініп, асыл тұқымды жас мал мен бұқа өткізумен айналысатын 270 репродуктор шаруашылық құрылып, жұмыс жасауда. «Азамат» шаруа қожалығының басшысы Ғалым Наурызбай мәлім еткеніндей, биыл олар астаналық репродуктор шаруашылықтан тағы 500 бас қазақтың ақбас сиырын сатып алуды жоспарлап отыр. Алайда шаруашылықта талап бойынша әр басқа 7 гектардан жер болуы тиіс. Бұған жер көлемі жетпейді. Сатып алуға да жоқ, сондықтан жоба әзірге тоқтап тұр.

   Айта кетейік, өңірде пайдаланылмаған 677,9 мың гектар жер анықталса, соның 442,2 мың гектары кері қайтарылды.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесуде бруцеллезбен, шегірткемен күрес, шаруаларға несие берумен айналысатын қаржы институттарының жұмысы да сөз болды. ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Ғарапша Сахиповтың айтуынша, биыл шегіртке жаппай таралады деген қауіп жоқ. Бөкей ордасы ауданында 140 мың, Жаңақалада 80 мың гектар жер өңделеді. Бұл жұмыстарға 40 миллиондай теңге бөлінді. БҚО ветеринария басқармасының басшысы Қазбек Тәшімовтің сөзіне қарағанда, малды егу мен бруцеллезді анықтау, зерттеу жұмыстарына 659 млн. теңге жұмсалмақ.

   Қазіргі таңда ірі қара етінің өнімдерін экспортқа шығаруға бағыт ұсталып отыр. Сондықтан талап та жоғары болмақ. Кездесу соңында облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласы мен аймақтық қаржы институттарының басшыларына нақты тапсырмалар берді.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале