15.06.2016, 14:04
Оқылды: 40

Облыс әкімі Алтай Көлгінов «Ғибадат» ЖШС-ында болып, қайырымдылық жасап жатқан кәсіпкердің жаңа жобасымен танысты

Kolginov Nurtai  Оралдық мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер Біржан Қожақов жетекшілік ететін жиһаз цехы биылдан бастап ДЦП (баланың церебральды салдануы) ауруына шалдыққан балаларға арналған жаңа құрылғыларды жасауға кіріскен болатын. Кәсіпкер аталған құрылғылардың бірқатарын  емдеу мекемелері мен қоғамдық бірлестіктерге тегін тарту етпек болып шешкен. Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов «Ғибадат» ЖШС-ында болып, қайырымдылық жасап жатқан кәсіпкердің жаңа жобасымен  танысты.


  – Былтыр қазан айында Астана қаласында үлкен әлеуметтік жоба болды. Сол жиында елімізде ДЦП-мен ауыратын балаларға арналған құрылғы шығаратын кәсіпорын жоқ екенін білдім. Құрылғыларды мемелкет Ресейден, Түркиядан, Германиядан сатып алады екен. Орал қаласына келген соң, балаларды емдейтін «Шапағат» медициналық әлеуметтік мекемесінің дәрігер мамандарымен кеңесіп, осындай ресейлік өнімдердің қандай кемшіліктері барын сұрадым. Кейін цехтан тік тұрғызғыштарды (вертикализатор) шығаруды қолға алдық. Рамазан  айында медициналық мекеме мен қоғамдық ұйымдарға тегін беріп отырмын. Мүмкін, кей жергілікті кәсіпкерлер демеушілік жасауға ынталанып, бойындағы намысы оянар,  – деді Біржан Қожақов.

   Тік тұрғызғыштардың нарықтағы негізгі бағасы 250 мың теңгеден бастап, миллион теңгеден асып жығылады екен. Ал жергілікті кәсіпкер әлдеқайда төмен бағамен саттыққа шығаруға ниеттеніп отыр. Яғни, құрылғылардың құны 35 мың теңге мен 120 мың теңге аралығында болмақ. «Біздің мемлекет мұндай құрылғыларды сатып алу үшін  жылына 5 млрд. теңгеге жуық теңге қаражат бөледі. Егер өзіміз қолға алсақ, бұл шығынды екі-үш есе азайтуға болады», – деді кәсіпкер облыс әкіміне. «Ғибадат» ЖШС шығаратын құрылғылардың сапасына мамандар оң бағасын беріп отыр. Жаңа жобаны қолға алған серіктестік басшысына облыс әкімі зор ризашылық  білдірді.

   – Біржан Қожақов жетекшілік ететін жиһаз цехында 32 тұрғын еңбек етсе, оның 17-сі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Кәсіпкердің қажыр-қайраты, қайырымдылық ісі қоғамға зор үлгі екені анық. «Ғибадат» ЖШС жиһаздың алуан түрін шығарумен айналысып келеді. Мәселен, ұлттық ою-өрнекпен әрленген бесік пен сандықтарға басқа облыстан сұраныстардың көптеп түсіп жатқаны – цех өнімінің сапасына дәлел. Кәсіпкер мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік аясында ДЦП-мен ауыратын балаларға арналған құрылғылар шығару үшін жаңа қондырғы алып беруді сұрады. Біздер жергілікті кәсіпкерлерді тың бастаманы қолдау білдіруге, көмектесуге тарттық. Жаңа  қондырғыны алуға «Uniserv» компаниясы көмектесіп, 5 миллион жарым теңге бөлді, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

   «Ғибадат» ЖШС-на жаңа қондырғы маусым айында беріледі. Біржан Қожақов заманауи қондырғыны пайдалана отырып сал тартқан балаларға арналған құрылғыларды жетілдіруге, тіктұрғызғыштың 33 түрін шығаруға мүмкіндік болатынын айтты. Мүмкіндігі шектеулі қолөнер шебері Көшім балалар психоневрологиялық және «Шапағат» медициналық әлеуметтік мекемелері мен облыстық мүгедек балалардың «Бәйтерек» және Сырым аудандық «Нұр шуағы» қоғамдық бірлестіктеріне жалпы саны отыздан астам тік тұрғызғыш тарту етті. Айта кетерлігі, облыста ДЦП дертіне шалдыққан 900-ден астам балалар тіркелген.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале