17.08.2016, 12:45
Оқылды: 21

Оралда белгілі палуан О.Қожагелдинді еске алуға арналған шара өткізілді

ZH-350x350Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында ҚР спорт шебері, қазақ күресінен облыстың абсолютті чемпионы Оралбек Қожагелдинді (1964-1999) еске алуға арналған «Оралдың оғланы» атты әдеби-мәдени шара өткізілді.

Сырым ауданында туып-өскен Оралбек Қожагелдин өзі ғана жақсы күресіп қоймай, кейінгі жастарға қамқорлығын көрсетіп, «Сырым» күрес мектебін ашты. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы аумалы-төкпелі кезеңде жерлестеріне жасаған басқа да жақсылықтары аз болған жоқ.

Жуырда О.Қожагелдин туралы оралдық қаламгер Нұрлан Сәдірдің «Оралбек батыр» атты көлемді кітабы жарық көрген болатын. Жоба авторы - Абзал Құспан. «Өмірден құйрықты жұлдыздай ағып өткен Оралбек Қожагелдин жайлы жарық көрген кітап жүзден астам адамдардың естелік әңгімелерінен жинақталды. Көзі тірісінде ол азаматты көріп, тілдескен адам емеспін, тек жасаған ерлігі мен игі істеріне сырттай қанық едім. Аз ғана ғұмырында халқына жасаған жақсылықтарын кітапқа еңгізуді мақсат еттім. Елдің алдында тұрып, осы идеяны жүзеге асыруға атсалысқан Абзал Құспанға алғысымды жаудырғым келеді», - деді бұл жөнінде Нұрлан Сәдір.

Шара барысында Ақ Жайық өңірінің өнерпаздары әннен шашу шашып, ақындар өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ О.Қожагелдиннің ағалы-інілі болып араласқан замандастары, ізбасарлары, шәкірттерінің шәкірттері күрес тәсілдерін көрсетіп, жиналғандардың делебесін қоздырды.

Кітап авторы Н.Сәдір мен А.Құспанның иығына шапан жамылып, Қадыр орталығының директоры Бауыржан Халиолла елдің ризашылығын білдірді.

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале