30.09.2015, 19:44
Оқылды: 38

«Орда жұлдызы» газетінің 85 жылдығы аталып өтті

Orda jyldizi01     30 қыркүйек күні Сайқын ауылындағы аудандық мәдениет үйінде Бөкей ордасы аудандық «Орда жұлдызы» газетінің 85 жылдығына орай мерейтойлық шаралар өткізілді.

Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов тарихи өңірдің өткен мен бүгінін көрсетуде, Елбасы тапсырмаларына сәйкес атқарылып жатқан сан алуан істерді жария етуде аудандық «Орда жұлдызы» газетінің рөлі зор екендігін атап көрсетті.

«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин Бөкей ордасы өңірінде газет ашу ісі Қазақстанда алғашқылардың қатарында қолға алынғандығын жеткізді. 1911 жылы Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Елеусін Бұйрин, Мұстафа Көкебаев, Сейтқали Меңдешев сынды ұлт зиялыларының қолдауымен Хан ордасында «Қазақстан» газеті жарық көрді. Бұл «Қазақстан» сөзінің тұңғыш ресми қолданылуы еді. Кейін, 1917 жылы Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің редакторлық етуімен «Алаш» қозғалысының мақсат-мүддесіне қызмет еткен «Ұран» газеті алаш жұртына тарады. ХХ ғасыр басында Ғұмар Қараш «бір тілек, бір ниетке жиятұғын газет» деп, қазақты қалың ұйқыдан оянуға үндесе, қазіргі таңда да бұқаралық ақпарат құралдары ортақ мақсат жолында мемлекет саясатын насихаттап келеді. Соның ішінде Бөкей ордасы аудандық «Орда жұлдызы» газетінің орны ерекше. Оның тарихы 85 жылмен шектелмейді. Облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттері бастауын «Ұраннан» алса, 1920 жылдары Бөкей ордасында басқа да басылымдар жарық көрді. Сондықтан зерттеу жұмыстары алдағы уақытта жалғасады.

Шара барысында аудандық басылымдар арасында алғашқы болып «Орда жұлдызы» газетінің сайты көпшілікке таныстырылды.

Танымал журналист, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Темір Құсайын, Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов, барлық аудандық газеттер редакторлары «Орда жұлдызының» 85 жылдығымен құттықтап, сый-сияпаттарын табыс етті.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияда Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешені директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Назымгүл Оразгелдиева - «Орда баспаханасының тарихы», аудандық мұрағат директоры Қуаныш Елемесов - «Баспасөздегі ардагер тұлғалар», аудандық «Орда жұлдызы» газетінің бас редакторы Бауыржан Бисенов «Орда жұлдызы» газетіне 85 жыл» деген тақырыпта баяндама жасады.

Жиында айтылғанындай, республиканың баспасөз саласына мол еңбек сіңірген Халел Есенбаев, Тәмамдар Сафиев, Қуан Тастайбеков, Нығмет Қуанышәлиев сынды қазақ арыстарының қолтаңбасы қалған газет бастапқыда 1930 жылы 7 қыркүйекте «Жаңа жол» деген атпен шықты. Орда ауданының 1952 жылы таратылуына байланысты газеттің тыныс-тіршілігі де тоқтады. Тек аудан қайта құрылғаннан кейін 1973 жылдан бастап «Орда жұлдызы» деген атпен жарық көріп келеді. Бұл кезеңде Хамит Сүлейменов, Болат Наурызғалиев, Балмолда Тоқсанов, Уәлиолла Ғаббасов, Мақсот Молдағалиев, Тұрақбай Шәкенов сынды аға буын өкілдері маңдай терін сыпыра еңбек етті.

Ұрпақтар сабақтастығы бүгінгі таңда да жалғасын тауып, «Орда жұлдызы» заман көшінен қалмай, тың әдіс-тәсілдерді меңгеруде. Әсіресе, 2012 жылы «Жайық Пресс» ЖШС-ына қайта қосылғаннан бері газеттің материалдық-техникалық базасы нығайып, ақпараттық қамту аясы кеңейіп, сапасы жақсара түсті. Газет журналистері бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерін қозғаумен бірге тарихи тақырыптарда да қалам сілтеп келеді.

«Орда жұлдызы» газетінің 85 жылдығына орай аймақтық күйшілер сайысы ұйымдастырылып, оған Бөкей ордасы, Жаңақала, Қазталов, Жәнібек аудандарының домбырашылары қатысты. Жеңімпаз-жүлдегерлер дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.

Газетке 1973-1981 жылдары редакторлық еткен соғыс және еңбек ардагері Хамит Сүлейменов (1921-1992) және 1981-1987 жылдары басшылық жасаған Балмолда Тоқсановтың (1926-2014) құрметіне редакцияның бұрынғы ғимаратына ескерткіш тақта орнатылды.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале