7.09.2016, 12:27
Оқылды: 43

«Отбасын қолдау аптасы» өткізілуде

DSC_0041«Нұр Отан» партиясының республикалық желілік кестесіне сай «Бақытты балалық шақ» партиялық жобасы аясындағы «Отбасын қолдау аптасы» кең көлемді акциясы Ақжайық ауданында тұрғындардың белсене қатысуымен өткізілуде. Чапаевта «Отбасы – тәрбие ұясы» атты жүздесу өткізілді. Шараны «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева ашып, жүргізді. «Отан отбасынан басталады. Сондықтан, ортақ Отанымыздағы тыныштық пен тұрақтылық, түптеп келгенде, әр шаңырақтағы береке-бірлікке тікелей байланысты. Партия отбасы құндылықтарын дәріптеу, отбасылық бірлікті бекемдеу бағытында жұмыстарды барлық тұрғынмен бірге жандандыра түседі»,- деді Айжан Ғибатоллақызы.

Жұбан елі – Ақжайық ауданының мерейін тасытып жүрген жанұялар аз емес. Шырайлы шараға арнайы шақырылған «Алтын ұя – 2010» облыстық байқауының бас жүлдегері Сағындық-Жанат Биғазиевтер отбасының атынан ұстаз, Алтын алқалы ана Жанат Биғазиева, «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жүлдегері Наухан-Надежда Есеналиевтер отбасы атынан осы әулеттің келіні, мұғалім, Күміс алқалы ана Қалампыр Есеналиева өз сөздерінде Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен отбасы құндылықтарын қолдау кең қанат жайып отырғанын мақтанышпен әңгімеледі.

«Мен көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Анам да, енем де Алтын алқаның иегерлері. Өмірден көргені көп, түйгені мол алтын құрсақты аналардың тәлімін көріп, соларға қарап бой түзеп келеміз. Осыдан 6 жыл бұрын облыстық отбасылық байқауда бақ сынап, жеңімпаз атандық. Алғашында байқауға қатысудан бас тартып, тартыншақтанғанымыз рас. Дос-жаран, әріптестердің қолдауымен қатысқанымызға шексіз қуаныштымыз», - деді Ж.Биғазиева.

Өткен жылы чапаевтық Есеналиевтер отбасы «Мерейлі отбасы» аудандық байқауына қатысқан кезде сахнаға сыймай қалғаны тұрғындардың есінде. Осындай барлық жанұя Отанымыздың нағыз береке-құты болып табылады. Осындай жандарды әркім мақтан тұтып, бағалауға тиісті. Кездесуде осы жайында «Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәншүк Мәмбешова, Чапаев ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Балым Хамзина салиқалы әңгіме өрбітті.

Дидарласу барысында жас отбасылар арасында ажырасудың алдын алу, әлеуметтік әлжуаз отбасы мүшелерін қолдау, бала тәрбиесінде әкелердің рөлін арттыру мәселелері қозғалды, жер-жерде Отбасы күніне орай өткізіліп жатқан шаралардың мәні туралы айтылды.

Бекем Бекұлы

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале