21.05.2015, 10:51
Оқылды: 26

Пара алған бұрынғы шенеунікке 43 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

Aksha    Орал қалалық сотының 20 мамырдағы үкімімен БҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бұрынғы басшысы Жексенғали Серикопов ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлігі 4-тармағына (лауазымды қызметкердің бопсалау жолымен бірнеше рет пара алуы) сәйкес айыпты деп танылып, оған мүлкін тәркілеумен бірге алған парасынан 70 есе көлемінде, яғни 42,7 млн. теңге айыппұл салынды.

Бұдан басқа сотталушыға мемлекеттік органдарда қызмет етуге өмір бойына тыйым салынды. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін ол бір ай мерзімде айыппұлды төлемеген жағдайда бұдан қатаң жаза қолданылады. Онда аталған бап бойынша жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ж.Серикопов сот залынан босатылды. Сот талқысында белгілі болғанындай, департамент басшысы жеке кәсіпкерден 2014 жылдың қыркүйек, қазан және желтоқсан айларында бірнеше рет жалпы көлемі 120 мың теңге пара алған. Онымен тынбай, биылғы ақпанда қоғамдық тамақтану орнын жалдау келісімшартының уақыты аяқталуына байланысты мерзімін ұзарту үшін 400 мың теңге бопсалаған. Бірнеше күннен кейін жалпы қамқорлық көрсету үшін жеке кәсіпкерден тағы да 30 мың теңге талап еткен. Ол осы ақшаны алу барысында ұсталған болатын.

Сот үкім шығарған кезде сотталушының өз кінәсін ішінара мойындағанын, жасы 62-де және аурулы (қант диабеті) екенін ескерді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале